Жаңалықтар

«Бір түнде шейхқа айналған блогерлер көбейді» – Асқар Сабдин дінді насихаттаған жастарды сынға алды

«Бір түнде шейхқа айналған блогерлер көбейді» – Асқар Сабдин дінді насихаттаған жастарды сынға алды

Белгілі исламтанушы Асқар Сабдин радикалды діни бағыт ұстанған адамдарды ашық сынға алып, олардың қоғамға келтіріп жатқан зиянын атап өтті. Ол бұл туралы “Qasqa Jol” бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды  ozgeris.info. 

Ғалымның сөзінше, кейбір адамдар хадистердің барлығын талғамсыз қабылдап, соның салдарынан дінді бұрмалап жүр. Ал журналист бір кездері жаппай оранып, кейін “қателестім” деп орамалын шешіп, жұрттан кешірім сұрау үрдісінің сәнге айналғанын сынға алған.

Асқар Сабдиннің айтуынша, радикалды ағым өкілдері үшін “ұлт”, “мемлекет” сияқты ұғымдардың маңызы жоқ. Тіпті бір кездері кей діншіл азаматтар Қазақстанның паспорты мен жеке куәлігін өртеген жағдайлар да болған.

“Мен ондай адамдармен тікелей жұмыс істедім. Сәләфилер Әл-Фарабиді мойындамайды, кәпір санайды. Жүсіп Баласағұн мен Ахмет Ясауиді де солай көреді. Олар үшін бәрі адасқан, бидғатшы”, – дейді теолог.

Оның пікірінше, жат ағымға кіріп кеткен жастарды Ханафи мазхабына қайтару өте күрделі іс – оған білім де, уақыт та, төзім де қажет. Діни ағымдардың көбейіп кетуі мен діни алауыздық қазақтың рухани тұтастығын әлсіреткен.

Сондай-ақ ғалым соңғы жылдары дінді үстірт түсініп, насихатқа кірісіп кеткен танымал тұлғалар мен блогерлерге де шүйлікті.

“Араб түбегіне арналған хадистердің бәрі қазаққа сәйкес келе бермейді. Ал қазір спортшылар, әнші-әртістер мен блогерлер бір сәтте исламның ғұламасына айналып кетті. Олардың көпшілігі бір аяғымен сәләфизмге өтіп кеткендер”, – деді Асқар Сабдин.

Теологтың айтуынша, мұндай “шала ғалымдардың” әрекеті халықтың діни танымын бұрмалап, қазақтың дәстүрлі болмысына нұқсан келтіруде.

Барлық жаңалық