Сот залындағы тосын әрекет жұрттың жағасын ұстатты. Атырау облысында тұтас бір отбасын қырып салды деген Сұлтан Сәрсемәлиев жәбірленуші тарап сөз алғанда күлкісін тия алмады. Бұл жағдай қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта болды. Процесс барысында судья айыпталушының ерсі қылығына қатаң ескерту жасады. "Сәрсемәлиев, бір нәрсе күлкілі болып отыр ма сізге? Күлкіңізді жия алмай отырсыз ғой" деп заң өкілі оны тәртіпке шақырды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Атышулы отырыстағы бұл көріністі журналист Жанат Молдашова өзінің Instagram парақшасында жазды. Желідегі жазбада жәбірленуші сөйлегенде Сәрсемәлиевтің мәз болғаны нақты көрсетілген.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың соңында Жангелдин ауылында болған. Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның жақындарына ауыр қасірет әкелді. Ол келіншектің ата-анасын және туған ағасы мен қарындасын аяусыз өлтірді деп айыпталып жатыр. Қазіргі таңда Жангелдин трагедиясына қатысты сот процесі шешуші кезеңге жақындап қалды. Іс бойынша тараптардың сөзі толық тыңдалды.
Мемлекеттік айыптаушы сот жарыссөзі кезінде күдіктіге ең ауыр жаза сұрады. Прокурор оны өмір бойына бас бостандығынан айырып, жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеуді талап етті. Азаматқа тағылған айыптар өте ауыр. Қылмыстық істе екі немесе одан да көп адамды өлтіру және аса қатыгездікпен кісі өлтіру баптары бар. Бұдан бөлек пайдакүнемдік ниетпен жасалған қылмыс, алаяқтық, ұрлық пен мал ұрлау деректері қаралды. Күдікті бөтеннің құжаттарын заңсыз иеленді деген айыппен де жауапқа тартылып жатыр.