Шоу-бизнес

BI Group негізін қалаушының ұлы әскерде ант қабылдады

BI Group негізін қалаушының ұлы әскерде ант қабылдады

Tanымал қазақстандық кәсіпкер, BI Group компаниясының негізін қалаушы Айдын Рахымбаевтың 18 жастағы ұлы Нүргелді Рахымбаев Қонаев қаласында орналасқан 5-десанттық-шабуылдау бригадасында әскери ант қабылдады деп хабарлайды Оzgeris.info.

 

QOGAMnews тілшісіне берген сұхбатында Нүргелді әскерге өз еркімен келгенін айтты. Оның айтуынша, бұл шешімді ол жазда әкесімен талқылаған. Айдын Рахымбаев та бұл бастаманы қолдап, ұлына әскери дайындықтан өтудің қажет екенін айтқан.

 

Әскерге шақырылмас бұрын Нүргелді Ұлыбританияда білім алып жүрген. Алайда екі айдан кейін ол оқуды тоқтатып, Қазақстанға оралуды жөн көрген. Жас сарбаз шетелдегі оқуын саналы түрде тоқтатып, әскери борышын өтеуді өз таңдауы бойынша қабылдағанын атап өтті. Балалық шағынан жеңіл атлетикамен айналысып, спортқа жақын болғанын да жасырмады бұл оған әскери дайындықтағы физикалық талаптарға тез бейімделуге көмектескен.

 

Сұхбат барысында журналист оның әскерге келуін «тәрбиелеу», «жаза» немесе қоғам алдындағы қандай да бір әрекет ретінде қабылдауға бола ма деп сұрады. Бұған Нүргелді нақты жауап берді: ол бригадада толықтай өз қалауымен қызмет етіп жатқанын және жағдайына риза екенін айтты.

 

Айта кетейік, Forbes.kz мәліметінше, Айдын Рахымбаевтың байлығы 2025 жылы 967 миллион доллар деп бағаланған. Ол Қазақстанның ең бай 75 бизнесмені рейтингінде 10-орында. Оның негізгі табыс көзі — BI Group құрылыс холдингіндегі үлесі.

Барлық жаңалық