Дастан Сәтпаев үшін «Норвичке» қарсы кездесу нәтижесі көңіл көншітпегенімен, жеке басының ойыны тұрғысынан маңызды сынақ болды. Қазақстандық шабуылшы алғаш рет «Бернлидің» Чемпионшиптегі негізгі құрамында алаңға шығып, 90 минут бойы өнер көрсетті. Команда 1:4 есебімен жеңілгенімен, Англияда сынның негізгі бөлігі Сәтпаевқа емес, «Бернлидің» жалпы ойынына бағытталды.
18 жастағы Сәтпаев команданың «жарық нүктесіне» айналды
«Норвичке» қарсы матч «Бернли» үшін сәтсіз басталды. 21-минутқа қарай команда өз қақпасына үш доп өткізіп қойды. Кейін Джош Лоран гол соққанымен, екінші таймда тағы бір гол жіберіп, кездесуді 1:4 есебімен аяқтады. Осындай ауыр есепке қарамастан, Дастан Сәтпаевтың ойыны көпшіліктің көңілінен шықты. Қазақстандық футболшы алаңда 90 минут жүріп, сол қапталдағы белсенділігімен ерекшеленді. Бірнеше шабуылдың басталуына қатысып, қауіпті аймақтарға доп жеткізді. Бір эпизодта оның берген пасынан кейін Зиан Флемминг қақпаға баспен соққы жасауға мүмкіндік алды.
Сәтпаевтың статистикасы да жаман емес. FotMob мәліметіне сәйкес, Дастан матчта 7,4 деген баға алған – «Бернли» құрамындағы екінші үздік көрсеткіш. Оның xG+xA көрсеткіші 0,88 болды. Сонымен қатар ол қарсыластың айып алаңында допқа ең көп тиген футболшы атанды. Қазақстандық шабуылшы үш голдық мүмкіндік жасап, 33 пасаның 24-ін дәл орындады. Барлығы 55 рет допқа тиген. Қорғаныста да жұмыс істеп, үш рет допты қағып алды және алты жекпе-жекте жеңіске жетті. Яғни 18 жастағы футболшы үшін бұл тек шабуылдағы белсенділік емес, командаға толыққанды көмектесуге дайын екенін көрсеткен ойын болды.
«Ол басқалардан мүлде бөлек футбол ойнайды»
Матчтан кейін «Бернли» жанкүйерлерінің әлеуметтік желідегі пікірлерінде бір нәрсе анық байқалды: командаға наразылық көп болғанымен, Сәтпаевқа сын аз. Керісінше, жанкүйерлер қазақстандық футболшыны команданың ең жарқын ойыншыларының бірі ретінде атады.
Кейбір жанкүйерлер:
«Сәтпаев бүгін жақсы көрінді»,
«18 жастағы Сәтпаев – командадағы жалғыз жарық нүкте»,
«Ол басқалардан мүлде бөлек футбол ойнайды»,
«18 жастағы жігіттің өзі басқалардан көбірек талпыныс көрсетті» деген пікірлер қалдырған.
Ал ағылшын спорт журналисі Джейми Смит Сәтпаевтың өзіне деген сенімі командадағы басқа футболшылардан жоғары екенін атап өтті.
The Chelsea Chronicle журналисті Уилл Батчер де қазақстандықтың кездесуін жоғары бағалады. Оның пікірінше, ойын нәтижесіне қарамастан, Сәтпаев бұл матчты өз активіне жаза алады.
Бұл жерде бір маңызды деталь бар. Сәтпаевты мақтап отырғандар оның гол немесе нәтижелі пас бергені үшін емес, қиын матчта жоғалып кетпей, ойынға араласуға тырысқаны үшін бағалап отыр.
Қазақстанда еңбек етіп жүрген және бірқатар әуесқой футбол лигаларында өнер көрсететін кениялық мұғалім Омар Мбала Дастан Сәтпаевтың қазақстандық футбол жанкүйерлеріне ғана емес, елдегі футболға қызығушылық танытатын шетелдіктерге де әсер еткенін айтады.
«Дастан қазақ футболына ерекше серпін әкелді деп ойлаймын. Қазақстанға келгеннен кейін өзім де футболмен көбірек айналыса бастадым. Мұнда өзімді еркін сезінемін, футболды жиі ойнаймыз. Қазақ жігіттері де жақсы ойнайды. Маған ең ұнайтыны – Дастанның жастарға беретін ынтасы. Тіпті қазір Чемпионшиптегі ойындарды Дастан үшін көретін болдым. Оның ойыны шынымен тамаша», – дейді Омар.
Оның айтуынша, Сәтпаевтың «Бернлиге» ауысуы күтпеген шешім болғанымен, Англиядағы тәжірибесі жас футболшының дамуына үлкен мүмкіндік береді.
«Шынымды айтсам, Дастан неге дәл «Бернлиге» кетті екен деп ойлаймын. Бірақ алда әлі көп ойын бар. Чемпионшипте үлкен тәжірибе жинайтынына сенемін. Ең бастысы – ойнап, дамуын жалғастыра берсін», – дейді ол.
Бас бапкер не деді?
Сәтпаевтың ойынына ең жоғары бағаны оның бас бапкері де берді. «Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен матчтан кейін 18 жастағы қазақстандық шабуылшыны ерекше атап, оны команданың ең үздік ойыншыларының бірі ретінде бағалады. Бұл – Сәтпаев үшін маңызды белгі. Өйткені жаттықтырушының жас футболшыны тек «болашағы бар ойыншы» ретінде емес, нақты матчтағы өнері үшін мақтауы оның командадағы рөлінің біртіндеп артып келе жатқанын көрсетеді. Бұған дейін Сәтпаев Чемпионшипте қосалқы құрамнан алаңға шықса, «Норвичке» қарсы кездесуде алғаш рет негізгі құрамда ойнады. Демек, бұл матчты қазақстандықтың ағылшын футболына бейімделуіндегі келесі қадам деп бағалауға болады.
Бірақ мәселе Сәтпаевта емес. «Бернлиге» не болды?
Мұнда матчтың ең маңызды тұсы жатыр. «Бернли» өткен маусымда жоғары деңгейде ойнауға мүмкіндік алған командалардың бірі болса, Чемпионшиптегі жаңа маусымның алғашқы үш турынан кейін небәрі бір ұпай жинап отыр. Үш матчта бір жеңіс те жоқ. «Норвичтен» 1:4 есебімен жеңілу – осы сәтсіз бастаманың ең ауыр көрінісі. Команданың мәселесі бір ғана позициямен шектелмейді. Біріншіден, қорғаныста тұрақтылық жоқ. 21 минуттың ішінде үш гол жіберу – тактикалық қателіктен бөлек, ойыншылардың психологиялық дайындығына да сұрақ туғызады. Екіншіден, командада жауапкершілікті өз мойнына алатын көшбасшылардың жетіспеуі байқалады.
Burnley Express басылымы дәл осы мәселеге назар аударды. Журналистер командада алаңда да, алаңнан тыс жерде де көшбасшылық жетіспейтінін жазды. Тіпті капитан Кайл Уокердің матчтан кейін жанкүйерлерге алыстан ғана қол соғып, бірден туннельге кіріп кеткені де сынға алынды. Бұл – бір ғана эпизод. Бірақ оның астарында маңызды мәселе бар: команда жеңілген кезде кім жауапкершілікті өз мойнына алады?
Сәтпаевтың жасы – осы жерде ерекше көрінеді
Парадокс мынада. Командадағы тәжірибелі футболшылар сынға ұшырап жатқанда, бар болғаны 18 жастағы Сәтпаев керісінше мақтауға ие болды. Бұл, бір жағынан, қазақстандық футболшы үшін үлкен жетістік. Екінші жағынан, «Бернлидің» қазіргі жағдайын да көрсетеді. Burnley Express журналистері Сәтпаевтың жасы небәрі 18-де екенін ерекше атап өтіп, оның кейбір тәжірибелі әріптестерінен әлдеқайда жетілген ойын көрсеткеніне назар аударды. Яғни Дастан үшін бұл матч – «мен Англияға бейімделе аламын» деген жеке жауап болса, «Бернли» үшін – «бізге командалық тұрғыда не болып жатыр?» деген үлкен сұрақтың белгісі.
Нәтиже нашар, бірақ Сәтпаев үшін жақсы тәжірибе
Футболда жеке ойын мен командалық нәтиже әрдайым бірдей болмайды. Сәтпаевтың жағдайы дәл соған мысал. Команда 1:4 есебімен жеңілді. Бірақ қазақстандық футболшы 90 минут бойы күресті, шабуылдарға араласты, мүмкіндіктер жасады және статистика бойынша да жаман көрсеткіш көрсеткен жоқ. Ең маңыздысы – ол ағылшын футболының жоғары қарқынына қарсы тұра алатынын көрсетті. Әрине, бір матчқа қарап Сәтпаевты бірден «Бернлидің көшбасшысы» немесе Чемпионшиптің жұлдызы деп атау әлі ерте. Оған әлі де физикалық тұрғыдан күшею, ағылшын футболының қарқынына толық бейімделу және шешім қабылдау жылдамдығын арттыру қажет. Бірақ алғашқы белгілер оң.
Сәтпаев үшін келесі қадам қандай?
Ендігі негізгі сұрақ – Ники Хайен оған тағы да негізгі құрамнан орын бере ме? «Норвичке» қарсы ойыннан кейін оған сенім артуға негіз бар. 18 жастағы футболшы алғашқы стартын команданың ең қиын кезеңдерінің бірінде қабылдады және соған қарамастан өзін жоғалтпады. Егер Сәтпаев осы қарқынын сақтап, голдық әрекеттерін нақты нәтижеге айналдыра бастаса, оның «Бернлидегі» рөлі айтарлықтай өсуі мүмкін. Ал Қазақстан құрамасы үшін бұл одан да маңызды. Себебі Сәтпаев Англияның физикалық әрі қарқынды Чемпионшипінде тұрақты ойнай алса, ұлттық құрама сапына Еуропаның мықты чемпионаттарының бірінде тәжірибе жинаған жас шабуылшы ретінде келеді.
Сәтпаев голу соғуға тиіс
«Норвичке» қарсы 1:4 – «Бернли» үшін дабыл қағатын нәтиже. Ал Дастан Сәтпаев үшін бұл матч, керісінше, мүмкіндікке айналды. Команда жеңілді. Бірақ 18 жастағы қазақстандық өзіне деген сенімді жоғалтпады. Жанкүйерлер оны мақтады. Ағылшын журналистері жоғары бағалады. Бас бапкері ерекше атап өтті. Енді ең маңыздысы – бір сәттік мақтауды тұрақты ойынға айналдыру. «Бернлиге» қазір жеңіс керек. Ал Сәтпаевқа – осы сенімді ақтайтын келесі мүмкіндік.
Спорт сарапшысы Тұрар Ғабдрашитұлы Дастан Сәтпаевтың ойынына жоғары баға беріп, ендігі басты қадам – гол соғу екенін айтады.
«Сәтпаевқа қазір гол керек. Командаластарына әдемі пастар шығарып жүр, бірақ кейбір сәттерде өзіне кері пас берілмей қалады. Қазір клубтың барлық назары мен хайпы біздің жігітке ауып отыр. Мүмкін, соның да әсері бар шығар. Дегенмен Дастансыз да «Бернлидің» командалық ойыны ақсап тұр. Сондықтан оған ең керегі – гол. Алыстан шірене тепсе, соға алатын қабілеті бар. Мен оған сенемін», – дейді сарапшы.
Тұрар Ғабдрашитұлы Сәтпаевтың 18 жасында көрсетіп жүрген ойынына да ерекше тоқталды.
«Жалпы Дастанның ойыны ерекше. 18 жастағы бала үшін өте мықты деңгей. Ең бастысы, тіл-көзден аман болсын!», – дейді ол.