Beeline ұялы байланыс операторының иесі, халықаралық Veon компаниясы Қазақстанда банк ашуды жоспарлап отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Олар Kaspi.kz-пен тікелей бәсекеге түсіп, еліміздің қаржы нарығынан өз орнын алғысы келеді. Қазір Veon елімізде банктік лицензия алу жолдарын қарастырып, реттеуші органдардың рәсімдерді жеңілдетуіне үміт артып отыр.
Компанияның бас директоры Каан Терзиоглу «Нарықта екінші ойыншыға да орын бар, біз өз үлесімізді алуға дайынбыз» деп ашық мәлімдеді. Айта кетейік, Veon-ның Қазақстанда белгілі клиенттік базасы бар: Beeline еліміздегі ең ірі байланыс операторларының бірі.
Kaspi.kz – бүгінде қаржылық технологиялар нарығында алда келе жатқан алпауыт. Оның банк карталары, онлайн төлемдері, маркетплейсі мен кредит беру жүйесі біраз жұрттың өмірін жеңілдетіп үлгерді. Бірақ дәл осы жетістігі басқа ойыншыларды да қызықтырып отыр. Енді нарықта жаңа бәсеке туындауы мүмкін.
Банктен бөлек, Veon Қазақстанда спутниктік байланыс қызметін іске қосуды көздеп отыр. Компанияның айтуынша, еліміздің кең-байтақ аумағын тек жерүсті желілермен қамту мүмкін емес. Сондықтан олар Starlink немесе OneWeb секілді серіктестерімен бірлесіп, жер серігі арқылы байланыс орнатуға ниетті.
Veon мұндай жобаны бұған дейін Украинада қолға алған. Онда компанияның Kyivstar атты еншілес операторы 2025 жылдың соңында спутник арқылы мәтіндік хабарламалар жіберу қызметін іске қосқалы отыр.
Ал Қазақстанға Starlink терминалдары биылғы үшінші тоқсанда келмек. Veon бұл салада да бәсекеге қабілетті ойыншы болуға тырысып жатыр.