Жаңалықтар

Батыс Қазақстандағы жарылыс: полиция дрон қалдықтарын тапты (ВИДЕО)

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында таңертең белгісіз ұшқышсыз құрылғы жарылып, жергілікті тұрғындарды шошытты. Оқиға Қызылтал ауылының маңында болған деп мәлімдейді Ozgeris.info сайты.

 

Куәгерлердің айтуынша, жарылыстың дүмпуінен үйлердің қабырғалары сілкінген, ал кейбір үйлердің шатырлары көтеріліп кете жаздаған. Жарылыс орнында үлкен шұңқыр пайда болған.Қазір оқиға орнында аудан әкімдігі, төтенше жағдай қызметі және полиция өкілдері жұмыс істеп жатыр.

 

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті ұшқышсыз құрылғы қалдықтарының табылғанын растады.

 

«Бөрлі ауданы аумағынан ұшқышсыз құрылғының сынықтарына ұқсас заттар табылды. Аталған дерек бойынша тексеру басталды, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», — делінген полицияның ресми хабарламасында.

 

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы Ресейдің Орынбор облысымен шектеседі. Бүгін таңертең көрші аймақта әуе дабылы жарияланғаны туралы ақпарат тараған.

 

Барлық жаңалық