Батыс Қазақстан облысы

Батыс Қазақстан облысында жол апатынан үш адам қаза тапты

Батыс Қазақстан облысында жол апатынан үш адам қаза тапты

Батыс Қазақстан облысында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам көз жұмды. Қайғылы жағдай 16 желтоқсан күні кешкі уақытта аудандық маңызы бар Орал Кирсаново автожолында болған деп жазады Оzgeris.info.

 

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Володарка елді мекенінен шамамен екі шақырым қашықтықта «KIA K5» және «ВАЗ-2104» маркалы автокөліктер бетпе-бет соқтығысқан. Полиция дерегінше, шетелдік көліктің 36 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен.

 

Апат салдарынан ВАЗ-2104 көлігін басқарған 51 жастағы жүргізуші мен оның екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Тағы бір жолаушы ауыр жарақат алып, қазіргі уақытта дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр.

 

Ал «KIA K5» автокөлігінің жүргізушісі жол апатынан жарақат алмаған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

 

Қазіргі таңда аталған факті бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзып, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан дерекпен қылмыстық іс қозғалды.

Барлық жаңалық