Банктер арасындағы күнделікті ақша аударымдары үшін салық органдары тарапынан жаппай тексеріс болмайды. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп жазады Ozgeris.info.
Оның айтуынша, азаматтардың күнделікті жеке мақсатта жасайтын аударымдары, соның ішінде туыстар арасында жүретін қаржылық операциялар ешқандай тексеруге ұшырамайды.
– Егер де анасы баласына, әкесіне, ағасына ақша жіберетін болса, ешқандай мәселе жоқ. Ақша көлемі 1-2 млн теңге болса да, сұрақтар туындамайды, – деді Ержан Біржанов.
Ал нақты табыс көзіне ұқсайтын және жүйелі сипат алған аударымдар – салық бақылауына алынуы мүмкін. Мәселен, бір адамға бірнеше адам қатарынан және тұрақты түрде ақша аудара берсе, бұл әрекет салықтық тексеруге негіз болады.
– Ал егер әртүрлі 100 жеке тұлға 3 ай қатарынан бір адамға ақша аударатын болса және сома 1 млн теңгеден асатын болса, онда тексеруге ілігеді, – деп нақтылады вице-министр.
Бұл түсіндіру мобильді аударымдарды коммерциялық мақсатта пайдаланатын кәсіпкерлерге немесе тұрақты түрде өзге адамдардан төлем қабылдайтын тұлғаларға қатысты.
Енді отбасылық немесе достық сипаттағы қаржылық операциялар бұрынғыша еш кедергісіз жүзеге аса береді.