🌐 Әлем

Балгерге барғандарға айыппұл салынады

Тәжікстан билігі кейінгі жылдары белең алған балгерлік пен көріпкелдікке қарсы күресті күшейтіп жатыр. Asia-Plus хабарлауынша, жаңа ереже бойынша енді тек балгерлер ғана емес, олардың «қызметіне жүгінгендер» де жазаланбақ, деп жазады Ozgeris.info. 

Жаңа тәртіпке сай, балгерге барғандар 375-750 сомони (шамамен 21 900-43 800 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.

Айта кетейік, былтырдың өзінде-ақ балгерлердің өздеріне жаза қатайтылған еді. 7,5 мың сомониге (438 мың теңге) дейін айыппұл немесе 15 тәулікке қамау қарастырылған. Ал қайталап ұсталған жағдайда жаза әлдеқайда ауыр  150 мың сомониге дейін (8,7 млн теңге) айыппұл немесе 2 жылға дейін түрмеге қамау мүмкін.

Тәжікстан ІІМ дерегінше, балгерге барғандар арнайы базаға тіркеліп жатыр. 2025 жылдың алғашқы алты айында мұндай 495 жағдай ресми тіркелген.

Ресми түсіндіруге сенсек, бұл шара халықты алдап, пайда тауып жүрген жалған «емшілер» мен «көріпкелдердің» жолын кесу үшін енгізіліп отыр. Бірақ қоғамда пікір әртүрлі: біреулер бұл халықты қорғаудың дұрыс амалы десе, енді біреулер сенім бостандығына қол сұғу деп санайды.

Барлық жаңалық