Қоғам

Балаларға тұрғын үй мен білімге қанша ақша аударылды?

2024 жылғы 1 ақпаннан бастап іске қосылған “Ұлттық қор – балаларға” мемлекеттік бағдарламасы аясында қазақстандықтар мақсатты жинақтарын белсенді түрде пайдалана бастады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша осы қаражаттың қайда және қалай жұмсалып жатқаны туралы алғашқы ресми деректерді ұсынды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Аталған кезеңде жалпы сомасы 14,86 миллион долларға тең 117 495 өтініш орындалған. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 9,20 миллион доллар жұмсалып 71 488 өтініш қанағаттандырылды. Ал білім беру ақысын төлеуге 5,66 миллион доллар бөлініп 46 007 өтініш мақұлданды.

Тұрғын үй бағытындағы ең танымал мақсат тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі салымды толықтыру. Бұл тәсілді таңдағандар саны 69 756 адамды құрады. Оларға 9 миллион доллар бөлінді. Бұдан бөлек, ипотекалық несие үшін бастапқы жарна ретінде қолдануға 551 адам өтініш беріп 66,5 мың доллар алды. Азаматтық-құқықтық мәміле бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу үшін 436 өтініш мақұлданып 49,8 мың доллар төленді.

Білім беру саласында да басымдық Қазақстандағы оқу орындарына беріліп отыр. Ел аумағында орналасқан оқу орындарының қызметіне біржолғы немесе бөліп төлеу арқылы ақы төлеу үшін 40 517 өтініш орындалып 5,04 миллион доллар бөлінді. Сонымен қатар білім беру депозитін толықтыру мақсатында 4 040 өтініш беріліп 454,2 мың доллар төленді. Шетелдік оқу орындарына төлем жасау үшін 1 166 өтініш мақұлданып 131,3 мың доллар аударылған.

 

Барлық жаңалық