💰 Экономика

Автонарық: өткен жыл мен келер жылда не болып, не өзгереді?

Қазақстанда көлік алу бұрынғыдай сән емес, нақты есепке айналды. Соған қарамастан 2025 жыл автомобиль нарығы үшін ерекше болды. Сұраныс бәсеңдеді деген сөз көп айтылды, бірақ нақты сатылым бұл пікірді жоққа шығарды. Нарық өсіп қана қоймай, жаңа рекорд орнатты, деп жазады Ozgeris.info.

Биылғы 11 айында елімізде 207 616 жаңа автокөлік сатылды. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,6%-ға көп. Ең қызу ай қараша болды. Бір айдың ішінде 25 804 көлік сатылып, ресми авторитейл тарихындағы ең жоғары айлық көрсеткіш тіркелді. Яғни халық көлік алуды тоқтатпаған, тек таңдау кезінде бұрынғыдан да есепшіл бола бастаған.

Қазақстанның Автокөлік Одағының дерегінше, қараша айында ең көп сатылған бренд Chevrolet болды. Бір айда 7 777 көлік өткен. Бұл былтырғы қарашамен салыстырғанда 76%-дық өсім. Екінші орында Hyundai тұр. Қарашада 5 261 көлік сатылып, өсім 37,9% болды. Ал алғашқы ондыққа Kia, Jetour, Toyota, Chery, Haval, Changan, Geely және Jac кірді. Модельдер арасында халық ең көп таңдаған көлік Chevrolet Cobalt болды.

Келесі жылы нарыққа әсер ететін басты тақырып бағаға тіреліп тұр. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосылған құн салығы 12%-дан 16%-ға өседі. Бұл өзгеріс ең алдымен шетелден әкелінетін автокөліктерге әсер етеді. Себебі импорттық көліктер елге кірген кезде ҚҚС төленеді. Сарапшылардың айтуынша, импорттық автокөліктердің бағасы орта есеппен 5-10% немесе одан да жоғары өсуі мүмкін. Нақты өсім модельге, жеткізу жолына және өндіруші елге байланысты болады.

Бірақ бұл өзгеріс Қазақстанда құрастырылатын автокөліктерге қатысы жоқ. Салық кодексіне сәйкес, ел ішінде өндірілген көліктер белгілі шарттарды орындаса, ҚҚС-тен босатылады. Яғни отандық автокөліктерге салық салынбайды және олардың бағасы импорттағыдай күрт қымбаттамайды.

2026 жылы нарыққа әсер ететін тағы бір маңызды фактор бар. Ол Қытайдың автокөлік экспортын қатаңдатуы. Кейбір қытайлық модельдерге жаңа талаптар қойылып, жеткізу мерзімі ұзаруы мүмкін. Бұрын қолжетімді болып келген кейбір көліктер енді кешігіп келуі немесе мүлде азаюы ықтимал. Бұл да импорттық көліктердің бағасын өсіреді және таңдауды шектейді.

Осы жағдайлардың аясында жергілікті өндірістің артықшылығы айқын көрініп отыр. 2025 жылы Қазақстанда автокөлік өндірісі артты. Қараша айында сатылған алғашқы он көліктің барлығы елімізде құрастырылған. Жалпы сатылымдағы отандық автокөліктердің үлесі 60-65% шамасында.

Жергілікті өндірілген көліктердің бірнеше нақты артықшылығы бар. Бағасы тұрақты, қосалқы бөлшектер мен сервистік қызмет қолжетімді, кепілдігі бар. Ең бастысы, салықтық жеңілдіктер бағаны ұстап тұруға мүмкіндік береді. Сондықтан халық импортқа емес, елде құрастырылған көліктерге көбірек қарай бастады.

2026 жылға қатысты болжам да осыған саяды. Біріншіден, импорттық автокөліктер қымбаттайды. Бұған ҚҚС өсуі, жеткізу шығындары және валюта бағамының өзгеруі әсер етеді. Екіншіден, қазақстандық өндірістің үлесі артады. Келер жылы нарықтағы отандық автокөліктердің үлесі 70% немесе одан да жоғары болуы мүмкін.

Үшіншіден, сатып алушының ойлау жүйесі өзгерді. Қазір халық тек көліктің бағасына емес, оны ұстау қанша тұратынына, сервистің бар жоғына, 3-5 жылдан кейін қайта сату мүмкіндігіне қарайды. Бұл факторлар жергілікті, сенімді және бағасы тұрақты модельдерге сұранысты арттырады.

Бұған қоса электр көліктеріне қатысты да өзгеріс бар. Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстанға электромобильдерге арналған жеңілдік квотасын ұзартпады. Бұл дегеніміз 2026 жылдан бастап электр көліктерін бұрынғыдай жеңілдікпен алу мүмкін болмайды. Соның салдарынан электромобильдер де қымбаттауы ықтимал.

 

 

Барлық жаңалық