💰 Экономика

Ауызсу саясаты: Үкімет 230 жобамен қандай өзгеріс әкелмек?

Елімізде ауызсу мәселесі Үкіметтің әлеуметтік емес, стратегиялық деңгейдегі шешімдеріне айналды. Су – тек тұрмыстық қажеттілік емес, өңірлік теңгерім, халықтың өмір сапасы және ұлттық қауіпсіздік факторы. Үкімет ауызсу мәселесін толық шешеміз деп уәдені үйіп-төгіп отыр. Бүгін өткен Үкімет отырысында бірқатар түйінге шешім ұсынды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Ауызсуға 160 млрд теңге бөлінбек

Қазір елдегі 10 өңір 100 пайыз таза ауызсу пайдаланып отыр. Қалған облыстарда жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін 150 ауылда су инфрақұрылымы жаңарып, мыңдаған тұрғын сапалы суға қол жеткізеді. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында халықты ауызсумен қамту мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта тек бюджет қаржысы ғана емес, елге қайтарылған активтер де жұмсалып жатыр.

«Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – аса маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі. Бұл мәселе Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Қажетті қаражат республикалық бюджетте көзделген. Сонымен қатар заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жөніндегі Президент тапсырмасы аясында сумен жабдықтауға қатысты 230-ға тарта жобаны іске асыру үшін Арнаулы мемлекеттік қордан қосымша 160 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Тұрғындардың өмір сапасы таза ауыз суға тікелей тәуелді»,  деді Премьер-министр.

Бұл қаражат негізінен елді мекендерге су жеткізетін құбырларды тартуға, тазарту құрылғыларын жаңартуға, жаңа желілерді салуға бағытталған. Әсіресе, су тапшылығы қатты сезілетін ауылдарға басымдық берілген.

Су бар, жүйе жоқ

Премьер-министр өз сөзінде елді мекендердегі сумен қамту жобалары арасында үйлеспейтін жағдайлар жиі кездесетінін айтты. Мәселен, кей ауылда ішкі желі дайын, бірақ су көзі тартылмаған. Ал кей жерде керісінше – су тартылғанымен ішкі жүйе жоқ. Бұл мәселенің түп-тамыры – жоспарлау мен іске асыру тетіктерінің үйлеспеуінде.

«Топтық су құбырларын дамытуға айрықша назар аудару керек. Бұл жұмысты елді мекендерді дамыту жоспарларымен үйлестіре отырып жүргізу қажет. Кей жағдайларда ауыл ішіндегі желілер дайын болғанмен, су көзіне қол жеткізу мүмкін емес. Немесе керісінше, ауылға дейін су желісі тартылған, алайда ішкі су құбырлары дайын болмай жатады»,  деді Олжас Бектенов.

Осыған байланысты Үкімет Су ресурстары және ирригация министрлігіне жыл соңына дейін барлық топтық су құбырларын салу және жаңғырту жобаларын аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар Қаржы министрлігімен бірлесіп, 2026 жылы бұл желілерді біртұтас кешен ретінде жергілікті әкімдіктердің балансына беру механизмін әзірлеу тапсырылды. Бұл үшін тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет.

30 мың шағым түскен

Премьер-министр отырыста халық тарапынан түсіп жатқан шағымдарды да ашық атады. Жылдың алғашқы жартысында су мәселесіне байланысты 30 мыңға жуық арыз-шағым тіркелген. Бұл Үкімет үшін шұғыл әрі түбегейлі шаралар қабылдауды қажет ететін көрсеткіш.

«Өнеркәсіп және құрылыс, Су ресурстары министрліктері мен өңір әкімдіктеріне кешігіп жатқан жобаларды толық аяқтау үшін түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырамын», деді Үкімет басшысы.

Мәселен, Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ақмола облысы әкімдігіне елорда маңындағы ауылдарды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету бойынша нақты әрекеттер қабылдау жүктелді. «Самұрық-Қазына» қоры мен Маңғыстау облысы әкімдігі 15 шілдеге дейін Кендірлі зауытын іске қосып, Жаңаөзенге су жеткізуі тиіс. Сонымен қатар Жезқазғандағы су тазарту құрылысының жобасын қосымша қаржыландыру мәселесін 1 тамызға дейін шешу міндеті Қаржы және Өнеркәсіп министрліктеріне тапсырылды.

Цифрландыру мен тазарту сапасы – келесі кезең

Отырыстың қорытындысында Үкімет ағынды суларды тазарту сапасын арттыру, сондай-ақ су объектілерінің цифрлық паспорттарын әзірлеу туралы шешім қабылдады.

«Сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін дамытумен қатар, су үнемдеу технологияларын енгізу және су ресурстарын басқаруды цифрландыру жұмыстарын жандандыру қажет. Сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін одан әрі төмендету керек. Ескірген коммуналдық инфрақұрылымды барынша жаңғыртып, жаңаларын салуға маңыз берілуі тиіс. Бұл мәселе қабылданған “Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту” ұлттық жобасын іске асыру аясында шешімін табады», –деді Премьер-министр.

Барлық жаңалық