1 тамыздан бастап Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Бұл елдің ауыл шаруашылығы саласындағы қазіргі ахуалды жан-жақты саралап, болашаққа нақты жоспар құруға мүмкіндік беретін маңызды шара. Санақ БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының жаһандық бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Биылғы науқан 300 мыңнан астам агроқұрылым мен 2 миллионға жуық жеке үй шаруашылығын қамтымақ, деп жазады Ozgeris.info.
Санақ екі кезеңде өтеді. Бірінші кезең – онлайн форматта. 1-31 тамыз аралығында әр фермер, агрокәсіп иесі немесе үйінде бау-бақша өсіріп, мал ұстайтын азаматтар sanaq.gov.kz сайтына кіріп, өздері туралы сауалнаманы толтыра алады. Бұл үшін үш түрлі жолмен жүйеге кіруге болады: ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба), SMS-код немесе eGovMobile қосымшасындағы QR-код арқылы. Сайтта екі түрлі сауалнама бар. Бірі – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, екіншісі – жеке үй шаруашылықтарына арналған. Сауалнамада жер, техника, жұмыс күші, өнім өндіру мен өткізу, қосымша табыс көздері, инфрақұрылым, еңбек жағдайы сияқты тақырыптар қамтылған.
Ұлттық статистика бюросының басшысының орынбасары Әсел Шауенова бұл санақтың маңызын былай түсіндіреді:
«Барлық ауыл шаруашылығы құрылымының және мүмкіндігінше жеке қосалқы шаруашылықтардың онлайн форматта санақтан өткені маңызды. Біз салалық қауымдастықтармен, астық, сүт, ет және басқалармен өзара ынтымақтастық орнатқанымызды атап өткім келеді. Оған ең ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері шоғырланған бірлестіктер жатады. Олар ауыл шаруашылығы санағын жүргізуге және оның нәтижелерін алуға мүдделі. Сондай-ақ көптеген шағын шаруа қожалығы мен фермерлік шаруашылықтар бар. Біз үшін респонденттердің осы санатын барынша қамту маңызды».
Санақтың онлайн форматы – қазіргі цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың жарқын үлгісі. Бұрын халық санағы десе, арнайы дайындалған интервьюерлердің ауыл-ауылды аралап, әр үйге бас сұғып, қағаз толтырып жүретінін елестететінбіз. Бұл үлкен уақыт пен күшті талап ететін күрделі үдеріс болатын. Енді жағдай өзгерді, санаққа қатысу әлдеқайда жеңіл әрі ыңғайлы бола түсті.
Енді азаматтар сауалнаманы интернет арқылы, өздеріне ыңғайлы уақытта, тіпті үйден шықпай-ақ толтыра алады. Бұл әсіресе шалғайда тұратын немесе кестесі тығыз адамдар үшін өте пайдалы. Ең бастысы, сауалнаманы бірден толтырып бітірудің қажеті жоқ. Уақытыңыз болғанда жалғастыра беруге болады, өйткені енгізілген ақпарат автоматты түрде сақталып отырады.
Кез келген сұрақ туындаса, сайтта арнайы бейненұсқаулықтар мен нақты уақытта көмек көрсететін SANAQ атты чат-бот бар. Сондай-ақ, интернеті жоқ тұрғындар үшін ел бойынша 2600-ден астам өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы ашылған. Ал техникалық немесе мазмұндық мәселелер бойынша 1446 нөміріне хабарласып, тәулік бойы кеңес алуға болады.
«Сайтта сауалнаманың екі нұсқасы қолжетімді болады. Біреуі-ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін, екіншісі – баубақшасы, бақшасы немесе малы бар үй шаруашылықтары үшін. Сұрақтар жерді пайдалану, техниканың болуы, малды күтіп-ұстау, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өткізу, сондай-ақ еңбек жағдайларына қатысты. Сайтта кеңестер енгізілген, бөлімдерді толтыру бойынша егжей-тегжейлі бейне нұсқаулық орналастырылған, сондай-ақ сұрақтарға бірден жауап беретін арнайы әзірленген Sanaq мырза чат-боты жұмыс істейді. Интернеттегі санақтың үлкен артықшылықтарының бірі-деректерді сақтау мүмкіндігі. Яғни, егер сіз сауалнаманы толтыра бастасаңыз, бірақ аяқтауға уақытыңыз болмаса, кез келген уақытта оралып, тоқтаған жеріңізден жалғастыра аласыз», деп түсіндірді Ә.Шауенова.
Санақ кезінде азаматтар жеке мәліметтерін бөліскенде ең алдымен: «Бұл ақпарат қайда кетеді? Қауіпсіз бе?» деген сұрақ туындайтыны түсінікті. Сол себепті Ұлттық статистика бюросы деректердің құпия түрде сақталатынын ерекше атап өтеді. Яғни, сіз сауалнамада не жазсаңыз да, ол ақпарат тек статистикалық мақсатта ел бойынша ортақ талдау жасау үшін ғана қолданылады. Сіздің жеке ақпаратыңыз салық органдарына, полицияға немесе басқа қандай да бір мекемелерге мүлде берілмейді.
Санақ жүргізуші мамандар да құпиялылық туралы арнайы қолхатқа қол қояды. Ал жинақталған барлық ақпарат арнайы қорғалған серверлерде сақталады, яғни сырттан біреудің араласуына жол берілмейді.
Бұған қоса азаматтарды алаяқтардан сақ болуға шақырады. Бюро мамандары ешқашан телефон шалып, құпия код сұрамайды, SMS арқылы келген мәліметті айтып жіберуді де өтінбейді. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, әңгімені дереу тоқтатып, тиісті орындарға хабар берген жөн.