Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда әлеуметтік көмекті азаматтардың санатына қарай емес, нақты мұқтаждығына қарай тағайындау жоспарланып отырғанын мәлімдеді,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оның айтуынша, қазіргі жүйеде табысы жоғары және тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар бірдей қолдау алуы мүмкін. Үкімет бұл тәсілді әділетсіз деп санайды.
«Өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты адамдар мемлекет көмегіне сүйенбеуі керек. Олар өз күшіне сенуі тиіс. Мемлекет қиын жағдайға байланысты өзін қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға ғана көмектесуі керек», – деді Бектенов.
Премьер-министрдің сөзінше, әлеуметтік көмек адамға тұрақты табыс көзі болмауы керек. Керісінше, ол азаматтың қиын жағдайдан шығып, кейін өздігінен күн көруіне мүмкіндік беретін құрал болуы қажет.
Үкіметтің есебінше, әлеуметтік қолдау жүйесін реформалау арқылы 2027 жылы шамамен 700 млрд теңге, ал үш жылда 2,5 трлн теңгеге жуық қаражат үнемдеуге болады. Жаңа қағидатты 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу жоспарланған.