Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында ауыр қару қолданылған қақтығыстар жүріп жатыр, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Tolo Newsке сілтеме жасап.
Ауған әуе күштері Пәкістанның Лахор қаласына әуе соққысын жасаған. Сонымен қатар, тәліптер Пәкістан армиясының Кунар, Нангархар және Гильменд провинцияларындағы позицияларына шабуыл жасаған.
Қақтығыстар тарихи тұрғыда даулы саналатын Дюранд сызығының бойында өршіп тұр. БАҚ мәліметінше, бірқатар аймақта пәкістандық әскери бөлімшелер шегініп, кей бекеттерін тастап кеткен. Ал Бахрамча маңындағы шекара өткелі ауған күштерінің бақылауына өткен.
Сонымен қатар, Кандагар провинциясының Шурабак ауданында да қарулы қақтығыстар тіркелген. Аймақ үстінен әскери ұшақтар байқалып, жерге тәліптердің қосымша күші тартылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, атыс салдарынан кемінде 12 пәкістандық сарбаз қаза тапқан.
«Талибан» өкілдері бұл операция — Пәкістанның Ауғанстан әуе кеңістігін бұзып, бейсенбі күні жергілікті базарды атқылағанына жауап деп мәлімдеді. Ал Пәкістан тарапы керісінше, тәліптерді бейбіт тұрғындарға оқ атты деп айыптап, «Индиямен болған жағдайдай қатаң жауап береміз» деп ескерту жасады.