Жаңалықтар

Атырауда түйе ұрлаған ұйымдасқан топ құрықталды: Шығын 10 миллионнан асады

Атырауда түйе ұрлаған ұйымдасқан топ құрықталды: Шығын 10 миллионнан асады

«Заң және тәртіп» қағидатын негізге алған Ішкі істер министрлігі ауыл шаруашылығына орасан шығын келтіретін мал ұрлығымен күресті күшейтті. Жақында Атырау облысында полицейлер түйе ұрлауды кәсіп қылған ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті. Қаскөйлердің әрекеті мұқият жоспарланғаны белгілі болды: олар күндіз иен далада жайылып жүрген түліктерді бақылап, түн жамыла жануарларды айдап әкетіп отырған. Ұрланған малды жүк көліктеріне тиеп, көршілес Маңғыстау облысына жеткізуді және сол жақта саудалауды көздеген деп жазды ozgeris.info сайты IIM ге сілтеп.

Тергеу барысында бұл топтың ондаған бас мал ұрлығына қатысы бар екені толық дәлелденді. Қылмыскерлер келтірген жалпы шығын көлемі 10 миллион теңгеден асып жығылады. Тәртіп сақшылары дер кезінде қимылдап, ұрланған малдың басым бөлігін тәркіледі, осылайша мүліктің өзге қолға өтіп кетпеуін қамтамасыз етті. Қазіргі таңда күдіктілердің барлығы қолға түсіп, қамауға алынды.

ІІМ бұл бағыттағы жұмыстардың министрдің тікелей тапсырмасымен кезең-кезеңімен қатаңдатылатынын мәлімдеді. Мал ұрлығы – ауыл елінің әл-ауқатына жасалған тікелей соққы деп бағалануда. Заң талаптарына сәйкес, мұндай қылмыс жасағандардың мүлкі тәркіленіп, өздері 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Заң алдында бәрі тең екенін ескерткен министрлік мал иелеріне де сақ болуды, төрт түлікті чиптеуді және оларды қараусыз қалдырмауды ұсынады.

Барлық жаңалық