Атырау облысының прокуратурасы Жангелдин ауылында төрт адамды өлтірді деп айыпталған күдіктіге ұрлық және алаяқтық баптары бойынша қосымша айып тағылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін қайын жұртын түгелдей өлтірді деген күдікпен қамауға алынған 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты бөлек қылмыстық іс қозғалып отыр. Органның мәліметінше тергеу барысында оның жәбірленушілердің малын сатып, мүлкін жымқырғаны анықталған.
Осы іс аясында күдіктінің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева да тексеріліп жатыр. Қазіргі таңда соттың санкциясымен ол стационарлық сот-психологиялық-психиатриялық сараптамадан өту үшін Атыраудағы арнайы медициналық мекемеге орналастырылды. Алдағы уақытта оны Алматы қаласындағы Сот сараптамалары институтына жіберуі де мүмкін. Әзірге әйелдің әрекетіне құқықтық баға берілген жоқ әрі бұлтартпау шарасы таңдалмаған.
"Күдікті Мұқанғалиева А. сот санкциясымен сот-психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу үшін арнайы медициналық мекемеге орналастырылды. Сараптама нәтижелері алынғаннан кейін түпкілікті құқықтық баға беріледі", деп хабарлады Атырау облысының прокуратурасы.
Ведомство өкілдері тергеу мерзімі сараптама қорытындылары мен атқарылатын жұмыс көлеміне байланысты екенін ескертіп, тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды. Аталған қылмыстық іс министрліктің ерекше бақылауына алынған.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың желтоқсан айында Жангелдин ауылында тұратын зейнеткерлер мен олардың ересек балалары ізім-ғайым жоғалып кеткен болатын. Кейін 6 қаңтар күні ерлі-зайыптының мәйіті өздері тұратын үйдің ауласындағы қорадан табылды. Отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген күйеу баласы Индонезияда қолға түсіп, Малайзия арқылы Қазақстанға экстрадицияланды. Елге жеткізілгеннен кейін Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны да өлтіргенін мойындап, оларды қайда көмгенін көрсетті. Марқұмдардың денесі күдікті уақытша жалдап тұрған Геолог шағын ауданындағы үйдің ауласынан қазылып алынды.