Адвокат Мейірман Шекеев Шерзат Полаттың өліміне байланысты істі жүргізіп жатқаны үшін белгісіз тараптардан қысым көріп жатқанын жария етті.
Шекеевтің айтуынша, Шерзат Полат ісіне қатысқаннан кейін өзін түрлі жолмен қорқытып, сот процесіне қатысуына кедергі жасауға тырысып жатқандар бар.
«Мейірман деген атым бар, қазақ деген затым бар. Атам десеңдер – атыңдар! Құрметті халқым, маған қысым жасалып жатыр. Қолдауларыңызды сұраймын. Шерзаттың ісін қолға алғалы бері жан-жақтан қысым көрсетіліп келеді. Бұған дейін сабырмен төзіп келдім. Енді біреулер одан да өктем әрекетке көшуге ниетті сияқты. Апелляциялық сотқа қатыстырмауды көздей ме, әлде басқа жоспары бар ма – нақты білмеймін», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Адвокат судья Төлебаевтың жеке ұйғарымында айтпаған сөзін өзіне таңып, негізсіз айыптаулармен қысым жасап отырғанын да ашық мәлімдеді.
«Сотталушылардың бірінің туысы министрлікте жұмыс істейді деген сөзге бұрын мән бермегенбіз. Бірақ жел сол жақтан соғып тұрған сияқты. Ал судьяның аудио-бейне жазба жүріп жатқанын біле тұра, маған негізсіз жала жабуы – жайдан-жай емес. Бұл әділдікке қарсы жасалған әрекет», – деді Шекеев.
Адвокаттың айтуынша, әділетсіз сот жүйесі тұрғанда, «Әділетті Қазақстан» идеясы тек бос сөз болып қала береді.
«Мен артында халқы тұрған адаммын. Сол себепті, қысымға қарамастан шындық үшін күресемін. Мені жазалағаннан гөрі, заңсыздыққа барған судьяға шара қолдану керек емес пе?» – деп қорытты сөзін заңгер.
Мейірман Шекеев өзіне бағытталған қысымға халық назарын аударуды сұрап, әділдік үшін күресуді жалғастыра беретінін жеткізді.