Астанадағы инфекциялық ауруханада пациенттің кешкі асынан құрт шықты. Қосымша "ақуызбен" толықтырылған ботқаны жасөспірім қызға ұсынған. Алайда дәрігерлер бұл оқиғаға өздерінің қатысы жоқ екенін айтты. Бұл туралы ozgeris.info сайты КТК теларнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қалалық инфекциялық ауруханада болған шок жағдайды пациенттің палатадағы көршісі видеоға түсіріп алған.
Гүлназ Надирханованың айтуынша, ботқадағы ақ құрт қайнап піскендіктен, ешқандай қимылсыз күйде табылған.
"Медбике келіп еді, қыз оған "Қараңызшы, ботқадан құрт шығып тұр" деді. Өзі шок болды, біз күнде құрт жеп жүрген жоқпыз ғой! Мұның бірінші жағдай емес екенін де естідім. Әдеттегі жағдай сияқты қабылдайды екен. Тамақ бөлімінің меңгерушісіне барып айттым, біз ол ботқаны жемедік дедім. Ол күліп "Қыздар, жеңдер, бұл ақуыз ғой!" дейді", - деді Гүлназ Надирханова.
Қалалық инфекциялық орталықтың бөлім меңгерушісі Ақбота Әбішбаева да жағдайға аса мән бермеген.
"Бұл жай ғана ботқаның ішінде болған зат қой. Үйде де осындай болуы мүмкін. Кейде тіпті тас шығып қалады. Қайнатылғаннан кейін жесе де ештеңе болмайды", – деді Ақбота Әбішбаева.
Ал аурухана директоры Зекен Исақов бұған күмәнмен қарайды.
"Бұл өте ерекше жағдай! Егер құрт ботқамен бірге қайнаса, ондай бүтін күйінде табылмас еді. Мұнда бір түсініксіз жайт бар. Біздің ас мәзірін аутсорсинг арқылы жеткізетін компания бар. Ол "Astana Construction – 2050", – деді аурухана директоры Зекен Исақов.
Аталған компанияның басшысы Ботагөз Әкімбекова да таңданысын жасырмады.
"Қазір тексеріс жүріп жатыр. Құрттың қайдан шыққанын білмейміз. Біз жармаларды екі апта сайын жаңа күйінде сатып аламыз. Мүмкін, жеткізушінің қоймасында тауар ұзақ жатқан шығар. Өйткені жабық қаптың ішіне сырттан ештеңе кіре алмайды", – деді компанияның басшысы.
Аурухана басшылығы компанияға ресми шағым хат жолдаған. Алайда келісімшартты бұзбайтынын, мердігер мекеме осы жылдың соңына дейін жұмысын жалғастыра беретінін мәлімдеді.