Жаңалықтар

Астанада кәріз құдығынан жаңа туған сәби табылды

Астанада кәріз құдығынан жаңа туған сәби табылды

Астанада тұрғындарды есеңгіреткен оқиға болды. Көпқабатты үйдің ортақ кәріз жүйесінен жаңа туған нәрестенің денесі табылған, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Оқиға туралы алғаш болып Threads әлеуметтік желісінде елордалық тұрғын жазған. Оның айтуынша, бірнеше жыл бұрын олардың үйінің жанына қонақүй салынған. Содан бері тұрғындар түрлі қолайсыздықтарға тап болып келеді.

Желі қолданушысының мәліметінше, қайғылы оқиға осы айда болған. Оның сөзінше, қонақүйге келген әйелдердің бірі нөмірдегі дәретханада босанып, шала туған қыз сәбиді ортақ кәріз жүйесіне тастап кеткен болуы мүмкін.

Тұрғынның айтуынша, түнгі сағат үш шамасында көршісі хабарласып, кәріз құбырынан нәресте табылғанын және полиция қызметкерлеріне көмек көрсету үшін сыртқа шығуды сұраған. Оқиға орнына жеткен құқық қорғау органдары алдымен бұл іске үй тұрғындарының қатысы болуы мүмкін екенін тексерген. Алайда көршілер мұндай күдік жоқ екенін айтып, оқиғаға қонақүйге келген адамдардың қатысы болуы ықтимал деген пікір білдірген.

Сондай-ақ тұрғын полиция қызметкерлері қонақүйде тыйым салынған заттардың айналымы болуы мүмкін екенін де айтқанын жеткізді.

Бұл дерекке қатысты Астана қалалық полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, кәріз құбырынан шақалақтың табылуына байланысты Алматы аудандық полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеуді бастаған.

Қазіргі уақытта іс аясында қажетті жедел-тергеу шаралары жүргізіліп, сот сараптамалары тағайындалған. Полицияның хабарлауынша, тергеу барысында аталған қылмыстық құқықбұзушылыққа қатысы бар тұлға анықталған.

Барлық жаңалық