Астана көшелерінде бронемашиналардың көптеп жүруі тұрғындардың назарын аударды. Әлеуметтік желілерде әскери техниканың қала көшелерімен қозғалысы түсірілген фото-видеолар тарады.
Осыған байланысты Мемлекеттік күзет қызметі жағдайға түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, елордада бірқатар ауқымды халықаралық саяси іс-шаралар өткізілуіне байланысты 5-6 қазан күндері Астана көшелерінің жекелеген бөліктерінде көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі.
Қауіпсіздік шараларына арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдары, сондай-ақ Қарулы күштердің тиісті бөлімдері жұмылдырылады.
Мемлекеттік күзет қызметі қала тұрғындары мен қонақтарын уақытша шектеулерге түсіністікпен қарап, халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шаралар кезінде қабылданатын қауіпсіздік шараларына құрметпен қарауға шақырды.
«Іс-шараларда Қазақстан Республикасының арнайы мемлекеттік, құқық қорғау органдары мен Қарулы Күштерінің күштері мен құралдарын пайдалану көзделген. Елорда тұрғындары мен қонақтарынан халықаралық деңгейдегі маңызды оқиға уақытында өткізілетін қауіпсіздікті қорғау шараларына түсіністікпен қарауды сұраймыз», – делінген хабарламада.