2026 жылы Астана жүзу спортынан әлемдік деңгейдегі жарысты алғаш рет қабылдайды. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитеті ресми хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.
Silk Road – 2026 деп аталатын халықаралық турнирдің кезеңдері Сингапурда өткен World Aquatics конгресінде жария етілді. Жарыстың бірінші кезеңі Бакуде (Әзірбайжан), екінші кезеңі Ташкентте (Өзбекстан), ал үшінші әрі соңғы кезеңі елордамыз Астанада өтеді.
Бұл Қазақстан үшін жүзу спортындағы маңызды тарихи оқиға болмақ. Себебі еліміз алғаш рет осындай жоғары деңгейлі жүзу жарысына қонақжайлық көрсетпек. Турнирге Олимпиада чемпиондары, әлем чемпиондары мен рекорд жаңартқан спортшылар қатысады деп жоспарланып отыр.
Silk Road – 2026 турнирінің нақты уақыты World Aquatics тарапынан кейінірек хабарланады. Ұйымдастырушылар жарыс аясында инфрақұрылымды жаңғыртып, жүзу спортына деген қызығушылықты арттыруға күш салатындарын мәлімдеді.