Алматы қаласындағы шекара қызметінің әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметке жаңадан шақырылған сарбаз кенеттен көз жұмды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.
Қайғылы оқиға жайлы марқұмның туыстары 5 қазан күні таңертең білген. Олардың айтуынша, 20 жастағы Нұрасыл Ануар 2025 жылдың 27 қыркүйегінде әскер қатарына шақырылып, Қарасай ауданындағы шекара бөлімінде қызметін бастаған. Бар болғаны бір аптадан кейін оның өмірі қиылды.
— «Біз оны әскерге жібергіміз келмеген, жүрегіміз біртүрлі сезді. Бірақ Нұрасыл Отан алдындағы борышын өтеуге өзі ниетті болды. “Бұл — менің парызым, нағыз азаматтың жолы” деп, үлкен жауапкершілікпен кеткен еді», — дейді туыстары.
Алдын ала болжам бойынша, сарбаздың өліміне менингит себеп болуы мүмкін деген ақпарат айтылған. Алайда отбасы бұл нұсқаға күмән келтіреді. Олардың айтуынша, әскерге шақырылған кезде Нұрасылдың денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған.
— «Бізге нақты ештеңе айтпай отыр. Таңертеңнен бері баланың денесін көруге рұқсат бермеді, бір жерден екінші жерге жібере береді. Барлығын ашық, әділ тергесін дейміз», — дейді марқұмның әпкесі.
Қайғыдан қан жұтқан отбасы әділ тергеу жүргізуді, өлімнің нақты себебін анықтауды талап етуде.
— «Нұрасыл өте мейірімді, ақжарқын, таза жүректі бала еді. Әділдікке сенетін, өмірге құштар болатын. Оның өлімі – отбасымыз үшін орны толмас қайғы», — деді туыстары.
Қазір бұл жағдай бойынша Қорғаныс министрлігіне, ҰҚК-нің Шекара қызметіне және Комитеттің баспасөз қызметіне ресми сауал жолданған.
Еске салайық, бұған дейін де Маңғыстау облысында дәл осындай жағдай болған. Дінмұхамед есімді жас сарбаз қайтыс болып, ресми нұсқада оның өз-өзіне қол жұмсағаны айтылған еді. Алайда туыстары бұл мәліметке сенбей, істің толық тергелуін талап еткен. Кейін қорғаныс вице-министрі Серік Борамбаев ағайынды сарбаздардың бір жерде қызмет етпегенін, олардың әртүрлі уақытта шақырылғанын мәлімдеген болатын.