Қазақстанда онлайн жарнама нағыз серпіліс кезеңіне өтті. Былтыр digital форматтағы жарнама көлемі 66,8 млрд теңгеге жетіп, теледидарды басып озды. Яғни, компаниялар енді тележарнамаға емес, интернеттегі алаңдарға көбірек қаржы салып жатыр, деп жазады Ozgeris.info.
2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы өсім – 29%. Бұл жаңа ойыншылардың келгенінен емес, қолданыстағы компаниялардың бюджетін цифрға бағыттауынан болып отыр. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде digital бизнес үшін басты таңдау, себебі тұтынушының да назары осы жақта.
Қазір интернетті күнделікті қолданатын адамдар саны 90%-дан асады. Орташа қолданушының жасы 40 шамасында, яғни төлем қабілеті бар аудитория. Контентті көру мен сауда жасау көбіне мобильді құрылғылар арқылы жүзеге асады. Android қолданушылар 62%, ал iPhone иелері 38%. Ең танымал платформалар YouTube пен Kaspi. Бірі видеоконтент үшін, екіншісі онлайн сауда алаңы ретінде алда келеді.
Онлайн сауда да осы қарқынмен өсіп келеді: соңғы бес жылда 7 есеге көбейіп, 3,2 трлн теңгеге жеткен. Мамандардың болжамынша, жақын жылдары әрбір бесінші тауар интернет арқылы сатылады.