Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков депутаттардың сұрағына жауап бере алмағаны үшін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтан сөз естіді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасы бойынша баяндама жасаған Айдар Әбілдабеков кейбір депутаттардың сұрағына мардымды жауап бере алмай қиналып, тіпті арасында ауыр күрсініп те алды. Мұны байқаған Мәжіліс төрағасы шенеунікке ескерту жасады.
«Айдар Ахметбекұлы, министр қазір шетелде іссапарда жүр. Сіз министрдің міндетін атқарушысыз. Бұл жерде депутаттардың қойып жатқан сұрақтары осы заң жобасының аясында ғана. Енді бұл сіздердің күнделікті істеп жүрген жұмыстарыңыз ғой. Оған қалай жауап бере алмайсыз? Сіз «мен бұл мәселенің кураторы емеспін» дейсіз. Бұл жерге келген министрліктің өкілі барлық сауалға жауап беруге дайын болуы қажет. Әйтпесе келудің қажеті жоқ, басқа вице министр келуі керек еді. Дайындалып келу керек. Біз сіздің күрсінісіңізді жауап деп қабылдай алмаймыз. Әрбір сұраққа күрсінесіз», - деп шүйлікті Қошанов вице-министрге.