Ақтөбеде 12 жастағы қыздың қатысуымен болған оқиғадан кейін полиция электрвелосипед жүргізушісін анықтады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Полицияның мәліметінше, 30 шілдеде Ақтөбедегі Әбілқайыр хан даңғылында электрвелосипед жүргізушісі велосипедпен келе жатқан 12 жастағы қызды қағып кеткен.
“Оқиғадан кейін ер адам зардап шеккен қызға қажетті көмек көрсетпестен, оқиға орнынан кетіп қалған. Апат салдарынан кәмелетке толмаған қыз дене жарақатын алған”, – делінген полиция хабарламасында.
Полицейлер электрвелосипед жүргізушісінің жеке басын анықтап, оны полиция бөліміне жеткізді. Күдікті 58 жастағы қала тұрғыны болып шықты.
Қазір жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.