Ақтауда 23 қазан күні кешкі сағат 18:30 шамасында 29-шағын ауданның 8-үйінің ауласында жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Hyundai Creta маркалы автокөліктің жүргізушісі 2019 жылы туған қыз баланы қағып кеткен. Зардап шеккен бала дереу ауруханаға жеткізілді. Куәгерлердің айтуынша, қыздың жағдайы орташа ауыр өміріне қауіп жоқ.
Оқиғаға байланысты көлік жүргізушісіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабы («Жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан адамның денсаулығына жеңіл немесе орташа зиян келтіру») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалған. Олардың нәтижесі бойынша жүргізушінің қылмыстық жауапкершілікке тартылу-тартылмауы шешіледі.Болжам бойынша, оқиға тұрғын үй ауласында балалар ойнап жүрген кезде болған. Полиция ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға, ал жүргізушілерге тұрғын аумақтарда жылдамдықты азайтып, мұқият болуға шақырды.