Ақтаудан Бейнеу ауданына бағыт алған жолаушылар автобусының жол-көлік апаты салдарынан ауруханада тағы бір жолаушы көз жұмды, деп хабарлайды Оzgeris.info ақпарат порталы.
Бұл туралы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, ауыр халде жеткізілген науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Еске сала кетейік, жол апаты 16 қаңтар күні түнгі сағат 01:30 шамасында Ақтау – Бейнеу тас жолында болған. Апат салдарынан оқиға орнында 4 адам қаза тауып, 42 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен Бейнеу аудандық ауруханасына жеткізілген еді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаеваның айтуынша, қазіргі таңда зардап шеккендердің жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
«Өкінішке қарай, бір науқас Бейнеу көпбейінді ауруханасында көз жұмды. Қазір 13 адамның жағдайы қанағаттанарлық. Ал 3 науқас реанимация бөлімінде ем қабылдап жатыр. Емдеу тактикасын нақтылау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігімен және Ұлттық медициналық үйлестіру орталығымен тығыз байланыстамыз», – деді ол.
Оқиғадан кейін облыстық әкімдік жанынан жедел штаб құрылып, зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсету бойынша кешенді шаралар қабылданды. Сондай-ақ, Бейнеу ауданына жоғары санатты білікті дәрігерлер тобы жіберілген.Дәрігерлердің мәліметінше, жолаушылар бас-ми жарақаттарын, кеуде қуысы мен ішкі ағзалардың соғылуын, сондай-ақ сүйек сынуларын алған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бейнеу аудандық полиция бөлімінің бастығы Еркебұлан Ізкеновтің айтуынша, қазіргі таңда жол апаты салдарынан 5 адам қаза тауып, 42 адам зардап шеккен. Олардың 16-сы ауруханада ем қабылдауда, қалғандары үйлеріне жіберілген. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.