Алматы қаласында көршілес Қырғызстан мемлекетінің бұрынғы үкімет басшысы Данияр Үсеновтің ұлы Урмат Үсенов қамауға алынды. Шетелдік шенеуніктің перзенті қазіргі уақытта Алматыдағы тергеу изоляторында отыр деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Оған тағылып отырған айыптар өте ауыр. Жедел уәкілдер мен тергеушілер күдіктіні заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деп есептейді. Оған қоса трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген күдікке ілінген. Осы іс бойынша жалғыз Урмат Үсенов қана емес, тағы үш адам жауапқа тартылуда. Олардың екеуі Қырғызстан азаматы болса, біреуі Қазақстанның тумасы болып шықты.
Құзырлы органдардың болжамы бойынша топ мүшелерінің заңсыз әрекетінен мемлекетке шамамен 26 миллион теңге көлемінде зиян келген. Тінту шаралары кезінде құны 46 миллион теңгеден асатын кальян темекісі тәркіленді. Көмбеден табылған бұл тауардың жалпы салмағы 1.6 тоннадан асып жығылады.
Алматы соты үстіміздегі жылдың 10 наурыз күні барлық күдіктілерді екі айға қамау туралы санкция берген еді. Содан бері бұл мерзімнің ұзартылғаны немесе өзгергені туралы ресми мәлімет шыққан жоқ. Еліміздің құқық қорғау құрылымдары да бұл жағдайға қатысты әлі ешқандай ресми мәлімдеме жасамады.
Тұтқындалған азаматтың әкесіне қатысты деректер де өте қызық. Саясаткер Данияр Үсенов 2010 жылы Қырғызстанда билік ауысқан соң отанынан қашып кеткен. Ол Беларусь еліне барып қоныс тепті. Кейіннен есімін Даниил Урицкий деп өзгертіп алды. Жаңа құжатпен ол Беларусь ұлттық биотехнологиялық корпорациясы ұйымын басқаруға кіріскен.
Туған елінде оған қатысты сот үкімі сырттай шығарылды. Қырғызстанның Бас прокуратурасы экс-премьерді сырттай 15 жылға бас бостандығынан айырды. Оған 2010 жылғы сәуір төңкерісі кезінде бейбіт шеруге шыққан халықты атуға қатысы бар деген айып тағылған болатын.