Қоғам

Ақша тиеген ұшақ апатқа ұшырады: 15 адам қаза тапты

Ақша тиеген ұшақ апатқа ұшырады: 15 адам қаза тапты

Боливияның Ла-Пас қаласында жаңа банкноттар тиеген әскери ұшақ апатқа ұшырап, кемінде 15 адам қаза тапты, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Оқиға 27 ақпанда болған, Эль-Альто халықаралық әуежайына қонуы тиіс C-130 Hercules ұшағы ұшу жолағынан шығып кеткен. Әуе кемесі бір шақырымға жуық қашықтықты, оның ішінде көлік қозғалысы көп көшені басып өтіп, ондаған автомобильді зақымдаған. Апат кезінде борттағы екі экипаж мүшесі із-түзсіз жоғалып, тағы алтауы медициналық көмекке жүгінген, ал жалпы жарақат алғандар саны 12 адамды құрады.

Боливияның Орталық банкіне арналған жаңа банкноттар апаттан кейін көшеге шашылып, оны жинап алмақ болған тұрғындар оқиға орнына көптеп жиналған. Ақшаны иемденуге тырысқан 12 адам тұтқындалып, тәртіп сақшылары халықты тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болды, бұл өз кезегінде құтқару қызметінің жұмысын айтарлықтай кешіктірген.

Билік өкілдері шашылған купюралардың Орталық банктің реттеуінен әлі өтпегенін және ешқандай заңды құндылығы жоқ екенін ескеріп, оларды өртеп жіберу туралы шешім қабылдаған.

«Бұл ақшаның сериялық нөмірі жоқ, сондықтан оны жарату мүмкін емес», – деп мәлімдеді Боливияның Қорғаныс министрі Марсело Салинас.

Қазіргі уақытта ұшақ апатының себептерін анықтау мақсатында тиісті тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Барлық жаңалық