Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи АҚШ-тың Таяу Шығыста жүргізіп жатқан әскери операциялары аясында Ресей мен Қытай Иранға саяси қолдау білдіріп отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол NBC телеарнасына берген сұхбатында айтты деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Министрдің сөзінше, аталған елдер Иранды халықаралық деңгейде қолдап отыр.
«Олар бізді саяси тұрғыдан қолдайды», – деді Аббас Аракчи журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар ол Иранның басқа мемлекеттермен жүргізіп жатқан ынтымақтастығының барлық егжей-тегжейін жария етпейтінін айтты.
Еске сала кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран аумағындағы бірнеше нысанға, соның ішінде Тегеранға әуе соққыларын жасаған. Кейін қираған ғимараттар мен бейбіт тұрғындардың қаза тапқаны туралы ақпарат тарады.
Бұған жауап ретінде Иран Израиль аумағына және Таяу Шығыста орналасқан АҚШ әскери нысандарына соққы жасағаны хабарланды.