Қоғам

АҚШ Ресейге ядролық соғыс тұрғысынан дайын екенін мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен арада ядролық қақтығыс туындау мүмкіндігіне байланысты елінің толық дайын екенін жеткізді. Бұл мәлімдеме Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің АҚШ-қа қарата айтқан қатаң пікірлерінен кейін жасалды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

 

— Егер ядролық қару жайлы сөз қозғалып жатса, біз әрдайым дайын болуымыз керек. Қазірдің өзінде барлық қажетті шаралар қолға алынды, — деді Трамп журналистерге берген сұхбатында. Оның бұл сөздерін Sky News телеарнасы тікелей эфирде көрсетті.

 

Трамптың айтуынша, ол 1 тамыз күні кешке екі атомдық сүңгуір қайықты стратегиялық маңызы бар аймақтарға орналастыруға бұйрық берген. Бұл шешім Ресей тарапынан келіп жатқан «арандатуға толы және жауапсыз» мәлімдемелерге жауап ретінде қабылданған.

 

Бұған дейін Дмитрий Медведев өз Telegram-арнасында АҚШ-қа қарсы өткір сөздер айтқан еді. Бұл оның Вашингтонның Ресейге және оның әріптестеріне қатысты екінші деңгейлі санкциялар енгізу туралы ескертуіне берген жауабы болатын. АҚШ Украинадағы жағдай реттелмесе, Ресейге және онымен тығыз экономикалық байланыстағы елдерге жаңа кедендік шектеулер енгізетінін білдірген.

 

Трамп Медведевке “сөзін аңдап сөйлеуді” ескертіп, оның өте қауіпті шекке жақындап қалғанын айтты. Ал Медведев Трамптың бұл сөздеріне әзіл аралас жауап қайтарды:

 

— Ол өзіне ұнайтын “тірі өліктер” жайлы фильмдерді есіне түсірсін, сонымен бірге, табиғатта жоқ деген «Өлі қол» жүйесінің қаншалықты қорқынышты болуы мүмкін екенін де ұмытпасын, — деп жазды ол.

Барлық жаңалық