Қазақстанда цифрлық қызметтерге салық енгізілгелі бері шетелдік интернет-компаниялардан мемлекет бюджетіне 118,4 миллиард теңге түсті. Бұл – елдің цифрлық экономикасын реттеу бағытындағы жаңа жүйенің нақты нәтижесі, деп жазады Ozgeris.info.
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап шетелдік компанияларға, яғни, интернет арқылы отандастарымызға қызмет көрсететін немесе тауар ұсынатын ұйымдарға салық салу тәртібі енгізілген еді. Ережеге сәйкес, мұндай компаниялар Қазақстанда тіркеліп, 12 пайыз көлемінде қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуге міндетті.
Бүгінде елімізде осындай 118 шетелдік компания тіркелген. Ал 2025 жылы олардың қатарына тағы 20 ірі халықаралық ұйым қосылды. Солардың ішінде танымал атаулар бар: шахмат сүйер қауымға арналған Chess.com платформасы, жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін OpenAI (ChatGPT әзірлеушісі), онлайн-дизайн құралы Canva, сондай-ақ Microsoft пен кәсіби велосипед өндіруші Canyon Bicycles компаниялары да тіркелген.
Қаржы министрлігінің дерегінше, жаңа жүйе іске қосылғалы бері шетелдік цифрлық компаниялар 118,4 миллиард теңге салық төлеген. Соның ішінде тек 2025 жылдың үлесіне 48,6 миллиард теңге тиесілі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 миллиард теңгеге көп көрсеткіш. 2025 жылы ең ірі ҚҚС төлеушілер қатарында үш компания ерекшеленді. Олардың ішінде Valve Corporation 8,6 миллиард теңге, Apple 8 миллиард теңге, ал Temu платформасы 6,2 миллиард теңге салық төлеген.
Мұндай цифрлық салық тәжірибесі бүгінде көптеген дамыған мемлекеттерде бар. Мысалы, Еуропалық Одақ бірыңғай e-VAT жүйесін енгізген. Ұлыбритания, Үндістан және Канада арнайы цифрлық салықтар қолданады. Ал Австралия, Жапония және Сингапур шетелдік компанияларға арналған онлайн тіркеуді жеңілдеткен. Қазақстанның бұл үлгісі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) бекіткен халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.
Көрші елдер де осы бағытта әрекет етіп отыр. Өзбекстан 2020 жылдан бастап шетелдік цифрлық қызметтерге 12 пайыз ҚҚС енгізген. Қырғызстан 2022 жылдан бері ұқсас тәртіпті қолданады. Ал Ресей 2024 жылдан бастап цифрлық сервистерге 18 пайыз ҚҚС белгіледі.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті алдағы уақытта цифрлық ортадағы салықтық бақылау жүйесін жетілдіре түсуге ниетті. Ведомство цифрлық платформалар мен халықаралық компаниялармен өзара ақпарат алмасуды күшейтіп, әкімшілендірудің заманауи құралдарын енгізуді жоспарлап отыр.