🌐 Әлем

Apple бүктелетін iPhone өндірісін Үндістанға көшірмек

Apple бүктелетін iPhone моделін жасауға кірісіп, Тайванда сынақтық өндіріс желісін іске қосты. Nikkei Asia деректеріне қарағанда, компания жаппай өндірісті Үндістанға ауыстыруды көздеп отыр, деп жазады Ozgeris.info. 

Бұл шешім Apple-дың жаһандық өндірістік стратегиясына ғана емес, экономикалық көрсеткіштеріне де әсер етеді.

Apple кейінгі жылдары Қытайдағы тәуелділікті азайтып, өндірісті басқа елдерге көшіруді жүйелі түрде жүргізіп келеді. Үндістанға бағытталған бұл қадам жергілікті экономиканы қолдауға да ықпал етеді. Сарапшылардың бағалауынша, Apple-дың Үндістандағы серіктестері миллиардтаған долларлық жаңа инвестиция тартып, ондаған мың жұмыс орнын ашуы мүмкін.

Үндістанда өндіріс шығыны Қытайға қарағанда арзан. Бұл Apple-ға құрылғы бағасын бәсекеге қабілетті деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті өндіріс компанияға Үндістан нарығында салықтық жеңілдіктер алуға жол ашады. Бұл – әлемдегі ең үлкен смартфон тұтынушыларының бірі саналатын елде Apple-дың үлесін арттыруға қолайлы жағдай.


2023-2024 жылдары бүктелетін смартфондар сегменті жылына 20-25 миллион сатылым көрсетіп, ең жылдам өсіп келе жатқан нарыққа айналды. Apple осы сегментке кеш кіргенімен, өнімнің сапасы мен экожүйелік артықшылықтары есебінен нарықтың елеулі бөлігін иеленуі ықтимал. Болжам бойынша, бүктелетін iPhone 2026 жылға қарай компанияның жеткізілім көлемін 10 пайызға арттырады.

 

Барлық жаңалық