Қоғам

Apple арзан iPhone 17e моделін шығармақшы

2026 жылдың көктемінде Apple жанкүйерлері бір қуанып қалатын сияқты. Компания бірнеше жаңа өнімді қатар таныстырмақ. Соның ішінде көпшілікті елеңдеткені – жаңа арзан iPhone 17e моделі, деп жазады Ozgeris.info.

Bloomberg-тің хабарлауынша, iPhone 17e – былтыр шыққан iPhone 16e моделінің жаңартылған түрі. Алдыңғы модель 599 доллар шамасында сатылған, ал бұл жолы да баға сол деңгейде болады деп күтіліп отыр. 

Жаңа айфонның басты жаңалығы – A19 процессоры. Apple бұл чипті алғаш рет қолданып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл процессор бұрынғысынан да жылдам, қуатты әрі энергияны үнемдейді. Яғни бағасы қолжетімді болса да, ішкі мүмкіндігі мықты болады.

iPhone 17e кімдерге арналған? Apple бұл модельді “арзан сегментке” арнап отыр. Яғни “айфон алғым келеді, бірақ бағасы удай” дейтіндер үшін жақсы балама. Классикалық дизайн, жақсы камера, сенімді чип – бәрі бар, бірақ бағасы флагман айфондардай шарықтап тұрған жоқ.

Сонымен қатар компания жаңартылған MacBook пен iPad модельдерін де 2026 жылдың басында шығармақ. Бұлар 2025 жылы шығуы тиіс еді, бірақ компания жоспарды кейінге қалдырған.

Жалпы, соңғы жылдары Apple-дің өнімдеріне деген сұраныс сәл бәсеңдегені рас. Пандемия кезінде сұраныс шарықтағанымен, кейін тұтынушылардың көңілі басқаша бұрылды. Сол себепті Apple енді “қымбат емес, бірақ сапалы” деген ұстанымға көше бастағандай.

Барлық жаңалық