🌐 Әлем

Англия шіркеуін алғаш рет әйел адам басқарды

Англия шіркеуінің 1400 жылдық тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға болды. Алғаш рет шіркеу басына әйел келді. Жаңа архиепископ болып Сара Муллалли тағайындалды. Бұл шешімді Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармердің кеңсесі растады, деп жазады Ozgeris.info.

Сара Муллалли бұған дейін Лондон епископы болған және шіркеу иерархиясындағы ең беделді тұлғалардың бірі саналған. Оның бұл қызметке келуі  бұрынғы архиепископ Джастин Уэлбидің отставкасынан кейінгі маңызды қадам. Әрі соңғы жылдары шіркеу ішінде орын алған жанжалдардан соң көпшіліктің сенімін қайта қалпына келтіруге бағытталған әрекет ретінде бағаланып отыр.

Жаңа архиепископ бүкіл әлемдегі шамамен 85 миллион діндардан тұратын Англикан қауымдастығының рухани жетекшісі болады. Тағайындауды корольдік әулет бекітті, ал арнайы салтанаттан кейін ол ресми түрде қызметіне кіріседі.

Айта кетейік, Англия шіркеуінде әйелдерге діни қызметкер болуға тек 1994 жылдан бастап рұқсат етілді. Ал 2014 жылы Бас синод әйелдердің епископ болуына келісім берді. Осылайша, Муллалидің архиепископ атануы  ондаған жылға созылған тарихи өзгерістің нақты нәтижесі болып отыр.

Барлық жаңалық