Ақтөбе қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы №71 жалпы білім беретін орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айжан Әділова қоғамнан шұғыл ақпараттық көмек сұрап отыр. Бес жылдық өтілі бар ұстаз мектеп басшылығы тарапынан көрсетілген моббинг пен психологиялық қысым туралы Президентке және өзге де құзырлы органдарға бейнеүндеу жолдағаннан кейін, жағдайы одан сайын қиындап кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бұл оқиға мұғалімнің жанайқайы мен оған қарсы бағытталған әкімшілік ресурстардың қақтығысы ретінде үлкен резонанс тудырып отыр.
Айжан Әділованың айтуынша, шындықты ашық айтқаны үшін оған жан-жақтан қысым басталған. Мәселенің әділ шешімін табудың орнына, оған қарсы ақпараттық шабуыл ұйымдастырылған көрінеді.
"Талапта президент және өзге де лауазымды тұлғалардан көмек сұраған видеоны өшіруімді, теріске шығаруымды, олай болмаған жағдайда іс сотқа кететінін көрсеткен. Әлеуметтік желілерім бұғатталды, жеке мәліметтерім арандатушылық мақсатта әлеуметтік желіге салынды", – дейді мұғалім өз хабарламасында.
Ең сорақысы, ұстаздың құқығын қорғауға тиіс кәсіподақ ұйымы оның өзін сотқа бермекші. Ақтөбе облысы және Ақтөбе қаласы білім беру қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрайымы Лида Уралбаеваның атынан Айжан Әділоваға "Сотқа дейінгі талап" жіберілген.
Құжаттағы негізгі талаптар:
2026 жылдың 24 мамырында «TikTok» желісінде жарияланған бейнеүндеуді толықтай өшіру.
Кәсіподақ пен оның басшылығы туралы айтылған сөздерді теріске шығару.
Талап 2 (екі) күнтізбелік күн ішінде орындалмаса, іскерлік беделді қорғау және рухани зиянды өндіру үшін сотқа шағым түсіру.
Ұстаз өз үндеуінде кәсіподақтың қарапайым жұмысшыларды емес, мектеп басшылығының мүддесін қорғап отырғанын ашық айтқан екен. Бұл талапарыз сол сөздердің салдары болып отыр.
Даудың ортасында қалған мектеп директоры өз орнында қалған. Ал мектеп ішіндегі жағдай одан әрі ушығып, басқа мұғалімдерді де тығырыққа тіреген. Айжан Әділованың сөзінше, басшылық ұжымдағы ұстаздарға "мектепте ешқандай қысым жоқ" деген арнайы қағазға мәжбүрлеп қол қойғызып жатыр.
Бірнеше әріптестері Айжанға жеке хабарласып, жағдайларын түсіндіріп, кешірім сұраған:
"Айжан, өзіміз де қысым көрдік."
"Амал жоқ, қол қойдық. Себебі 3-4 келіп, қол қойғанша келіп жатыр."
"Қудалауға ұшырап, жұмыстан шығып қаламыз ба деп қорқамыз. Тізімнен бізді көрсең, ренжімеші..."
Бұл жағдай Ақтөбедегі білім беру жүйесіндегі кадрлық саясат пен ұстаздардың қорғалу деңгейіне қатысты үлкен сұрақтар туындатып отыр. Жергілікті білім басқармасы да бұл іске қатысты жалған ақпарат беріп, жағдайды жылы жауып қоюға тырысқан деген күдік бар. Қазіргі таңда жалғыз қалған ұстаз құзырлы органдардың назарын осы әділетсіздікке аударып, қоғамнан қолдау күтеді.