Қазақстан футболының жарқын таланттарының бірі Дастан Сәтпаев 18 жасқа толды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
12 тамызда Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы туған күнін атап өтіп жатыр. Қазақстан футбол федерациясы жас футболшыны әлеуметтік желідегі ресми парақшасында құттықтады.
«Алтын бала 18-ге келді. Бүгін ұлттық құраманың ойыншысы Дастан Сәтпаевтың туған күні. Құттықтаймыз!», – делінген ҚФФ жазбасында.
Дастан Сәтпаев 2008 жылғы 12 тамызда Алматыда дүниеге келген. Ол сегіз жасынан бастап «Қайрат» академиясында тәрбиеленіп, кейін негізгі командаға дейін көтерілді.
Жас шабуылшының мансабындағы маңызды кезеңдердің бірі – Англияның «Челси» клубына ауысуы. «Қайрат» пен лондондық клуб Сәтпаевтың трансфері жөніндегі келісімді 2025 жылдың ақпанында жариялаған. Халықаралық трансфер ережелеріне байланысты футболшының Англияға ресми ауысуы оның 18 жасқа толуымен байланысты болған.
2026 жылдың маусымында Сәтпаев «Қайрат» сапындағы қоштасу ойынында «Қызылжар» қақпасына екі гол соғып, командасының 3:0 есебімен жеңіске жетуіне үлес қосты.
Ал шілде айында қазақстандық футболшы «Челсидің» маусым алдындағы кездесуінде де көзге түсті. Ол «Western Sydney Wanderers» командасына қарсы ойында алаңға шығып, небәрі бірнеше минуттан кейін гол соқты. Кездесу лондондық клубтың 6:4 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Осылайша, 18 жасқа толған Дастан Сәтпаевтың мансабында жаңа кезең басталмақ. Қазақстандық жас талант енді Еуропаның ең танымал клубтарының бірі – «Челси» сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алады.