Қоғам

Алматыдағы үйде газ жарылып, бес адам зардап шекті

Алматыдағы үйде газ жарылып, бес адам зардап шекті

Алматы облысының Екпінді ауылындағы жеке тұрғын үйде газ жарылып, салдарынан зардап шеккен бес адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Іле ауданы әкімдігінің мәліметінше бұл оқиға 17 сәуірде Ескелді би көшесінде болған. Оқиға орнына келген құтқарушылар ғимарат қабырғаларының қирағанын және өрт тұтанбаса да қою түтін шыққанын анықтады.

Биыл 30 қаңтарда бұл үйде жоспарлы тексеру жұмыстары жүргізіліп, газ құрылғыларының ақаусыз жұмыс істеп тұрғаны расталған. Алайда жарылыстан кейінгі тексеріс кезінде үй иелерінің желдеткішті шүберекпен бітеп тастағаны белгілі болды. Осы жағдай ауа алмасуын бұзып, үй ішінде газдың жиналып қалуына әкеп соққан.

Қазір зардап шеккен бес адам ауруханада дәрігерлердің бақылауында жатыр. Жергілікті билік отбасыға әлеуметтік қорғау бөлімі арқылы 2 млн теңгеге дейін материалдық көмек көрсететінін жеткізді.

«Отбасының ауласында тұруға жарамды уақытша баспанасы бар екені анықталды, үй иесінің айтуынша қазіргі уақытта оларға қосымша тұрғын үй қажет емес», - деп хабарлады әкімдік.

Аталған факті бойынша іс тіркеліп, жиналған материалдар құқық қорғау органдарына өткізілді.

Барлық жаңалық