Алматыда алқабилердің қатысуымен өткен сот блогерлер Дамир Күшеев пен Руслан Каримовты "бопсалау" айыбы бойынша тоғыз жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұл туралы Ozgeris.info сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Үкім жарияланғаннан кейін сотталған блогер Дамир Күшеев алқабилерге қарап сөз сөйледі.
"Ұят сіздерге. Бар үміт сіздерде еді, жазықсыз адамдарды ақтайды деп сендік. Тергеу дәлелдей алмады, бірақ ақыры бізді соттады. Біз қылмыс жасаған жоқпыз, бірақ бізге жаза тағайындалды", – деді Дамир Күшеев соңғы сөзін айтып.
Үкім 19 ақпан күні кешке қарай жарияланды.
Дамир Күшеевтің жақтастары бұл қылмыстық іс елеулі сұрақтар туғызатынын және құқықбұзушылықтар мен жемқорлық мәселелерін ашық көтеріп жүрген қоғамдық белсендіге қысым болуы мүмкін екенін айтады.