14 тамызда сағат 14:37-де Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде (БЭЖ) ірі технологиялық бұзулу болған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Жоғары кернеулі бірнеше электр желісінің ажырап кетуіне байланысты елдің оңтүстік аймағы мен Орталық Азияның энергетикалық жүйесі оқшауланған режимге ауысты.
«KEGOC» АҚ таратқан алдын ала жедел мәліметке сәйкес, апатқа Орталық Азияның БЭЖ тарапынан қуат ағынының күрт артуы себеп болған.
Апат салдарынан Қазақстан бойынша тұтынушыларды электрмен жабдықтауды шектеу көлемі шамамен 2810 МВт құрады.
Жүйелік оператор апатты жою жұмыстарын бірден бастап кетті. Сағат 14:47-де Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстарындағы 295 МВт көлеміндегі шектеулер толығымен алынды.
Қазіргі уақытта «KEGOC» АҚ мамандары қалған аймақтардағы тұтынушыларға электр энергиясын толық қайта беру жұмыстарын жедел түрде жүргізіп жатыр.
Жүйелік оператор жағдайды бақылауда ұстап отыр және жарық кезең-кезеңімен қосылып жатыр.
Жарықтың жоқтығы салдарынан Алматыда бағдаршамдар да істен шыққан. Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 150 тәртіп сақшысы көшеде қызмет етіп жатыр.