Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті шетелдік құзырлы органдармен бірлесіп Алматы қаласында арнайы операция өткізді. Бұл туралы ozgeris.info сайты хабарлады,Tengrinews.kz порталына сілтеп.
ҰҚК мәліметінше, халықаралық антинаркотикалық операция 2026 жылғы қаңтар айында жүзеге асқан.
«Бірлескен іс-қимыл нәтижесінде Алматыда 8 келі синтетикалық есірткі – метамфетаминді алу кезінде Қазақстан азаматы ұсталды», – делінген ресми хабарламада.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі («Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, өткізу мақсатында жөнелту немесе сату») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сот санкциясымен күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Айта кетейік, бұған дейін, 2025 жылдың қыркүйегінде ҰҚК Алматыда Қазақстан тарихындағы ең ірі кокаин партиясын – 13 тонна 183 келіні тәркілегенін хабарлаған болатын. Ол жүк еліміз арқылы үшінші мемлекеттерге транзитпен жеткізілмек болған.