Алматыда Рысқұлов даңғылында түнгі уақытта заңсыз автожарыс ұйымдастырған жүргізушілер ұсталды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Полицияның мәліметінше, тәртіп бұзушыларды патрульдік полиция экипажы байқап, радио арқылы жақын маңдағы жасақтарға хабар берген. Соның нәтижесінде Рысқұлов даңғылы мен Кудерин көшесінің қиылысында автокөліктер колоннасы тоқтатылды.
Жалпы саны 10 көлік ұсталған. Полиция олардың арасында қымбат маркалы автокөліктер де болғанын мәлімдеді.
Әрбір жүргізушіге жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, көліктер арнайы айыптұраққа жеткізілді.
Алматы қалалық полиция департаменті заңсыз көше жарыстарын ұйымдастыруға және оған қатысуға қатысты барлық дерек бойынша тиісті шаралар қабылданатынын, ал құқық бұзушылар міндетті түрде жауапкершілікке тартылатынын ескертті.