🏛️ Саясат

Алматы полициясы inDrive-қа қатаң талап қойды

Алматы қаласы Полиция департаменті жаңа оқу жылы қарсаңында жолаушылардың қауіпсіздігін күшейту бойынша автобус парктері, таксопарктер мен такси агрегаторларының өкілдерімен арнайы жиын өткізді. Басқосуда жол-көлік оқиғаларының алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп жазады Ozgeris.info. 

Балалар қауіпсіздігі басты назарда

Полиция мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда жол апаттарынан 190 бала қаза тапқан, ал 7 508 бала түрлі жарақат алған. Алматыда ғана 2 бала көз жұмып, 1 202 бала жарақаттанған.

Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев жол апаттарының әрбір дерегі артында орны толмас қасірет жатқанын атап өтті:

«Статистика үшін бұл жай сандар болса, ал отбасы үшін  қайғы мен қасірет. Қаза болған екі баланың тағдыры орны толмас қайғы. Алматыда мыңнан астам бала физикалық және психологиялық жарақат алған, сондықтан балаға қатысты болған әрбір жол-көлік оқиғасы орны толмас қасірет», деді ол.

Техникалық тексеру мен рейдтер басталады

Полиция тасымалдаушыларға қысқа мерзімде көліктердің техникалық жарамдылығын толық тексеруді тапсырды. Әсіресе, тежегіш жүйесі, жарық шамдары, қауіпсіздік белдіктері және балаларға арналған арнайы құрылғылардың болуы басты назарға алынбақ.

1 қыркүйектен бастап мектептердің маңында рейдтік шаралар өтеді. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда, әкімшілік шаралар қолданылатыны ескертілді.

inDrive қызметіне сын айтылды

Жиын барысында такси агрегаторларының жұмысы жеке талқыланды. Әсіресе, inDrive компаниясына нақты талаптар қойылды.

Асхат Құлбаевтың айтуынша, компания жүргізушілер мен көліктерді бақылауды жүргізбейді, бұл жолаушылардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді:

«Бүгінде inDrive өз жүргізушілері мен көліктерін бақыламайды, қауіпті көліктердің қолданылуына жол береді және жолаушыларды қорғаудың қарапайым тетіктері жоқ. Сіздерде жедел байланыс желісі, шұғыл көмек батырмасы, бағытты қадағалау жүйесі жоқ. Бұл – жол беруге болмайтын жағдай. Біз сіздерден сылтау емес, нақты шешім күтеміз. Егер өзгеріс болмаса, заңнама деңгейінде шаралар қабылданады. Біз нақты түсініктеме мен анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі нақты жоспарды күтеміз», деді полковник Құлбаев.

Жазбаша есеп тапсыру міндеттелді

Жиын соңында барлық тасымалдаушылар мен агрегаторларға жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы жедел жазбаша есеп тапсыру талабы қойылды.

Алматы полициясы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бұл талаптарды қатаң бақылауға алатынын мәлімдеді.

Барлық жаңалық