Әлеуметтік желіде Алматы облысында полиция қызметкерлерінің 77 жастағы әйелге күш қолданған сәті түсірілген видео қызу талқыға түсті. Жазба авторының айтуынша, оқиға 2 қазан күні Іле ауданы, Өтеген Батыр кентінде орын алған деп хабарлайды ozgeris.info сайты kznews.kz сайтына сілтемемен.
Видеодан көрінетіндей, полиция қызметкерлері әйел адамды пәтерден шығарып жатыр, сол кезде бір қызметкер оны қатты итеріп, әже баспалдақ қоршауына соғылып, қабырғасы сынған.
«Аудандық аурухана науқасты қабылдамай, тек ауырсынуға қарсы дәрі егумен шектелді. Кейін қалалық травмпунктте әжейдің қабырғасы сынғаны анықталды», — деп жазылған.
Белгілі болғандай, пәтер сот шешімі бойынша прокуратураның тапсырмасымен жабылған. Тұрғындар үйден шығарылған соң қажетті заттарын алу үшін пәтерді ашуды сұраған. Сол сәтте полиция қызметкерлері адамдарды тездетуге тырысып, күш қолданған.
Оқиғаға байланысты Алматы облысы полиция департаменті түсініктеме берді:
«Полиция өкілдері сот шешімін орындау мақсатында барған. Әйел адам заң талабына бағынбауы салдарынан жанжал шықты. Қызметкердің дөрекі әрекеті заңға қайшы. Қызметтік тергеу басталды, кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылады. Тексеру барысы менің жеке бақылауымда», — деді департамент басшысы Мейрам Абикеев.
Қазіргі таңда оқиға бойынша қызметтік тергеу жүргізілуде, ал әлеуметтік желі қолданушылары полицияның әрекетіне наразы пікірлерін білдіруде.