Халықаралық ақпарат құралдары осы аптада Қазақстанның ірі инфрақұрылымдық бастамаларына, Каспий аймағындағы көлік әлеуетіне, экономиканы цифрландыру мен ғарыш саласындағы жаңалықтарға баса назар аударды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Голливуд жұлдызы Бозжыра шатқалында тарихи фильм түсіруде
"Euronews" телеарнасы Қазақстанның әлемдік кинематография алаңы ретіндегі рөлі артқанын жазды. Аңызға айналған актер әрі режиссер Джеки Чан "Тәңір сауыты" франшизасының төртінші бөлімін түсіруге кірісті. Түсірілім жұмыстарының басым бөлігі Алматы мен Маңғыстау облыстарында, соның ішінде Бозжыра шатқалында өтеді. Жоба Қазақстан мен Қытайдың бірлескен ынтымақтастығы аясында жүзеге асуда. Түсірілімге тұңғыш рет отандық режиссер Роберт Кун жетекшілік етеді. Шетелдік сарапшылар еліміздің ерекше табиғи ландшафты мен кино түсіру мүмкіндігін жоғары бағалап отыр. Продюсерлердің пайымдауынша, бұл жоба әлемдік киноиндустрияның назарын А+ деңгейіндегі жобаларға аударады.
Астана аспанындағы әуе таксиі мен ғарыштағы жаңа серпін
Түркияның "Anadolu" агенттігі қалалық авиацияның жаңа бағыты туралы хабарлады. Астанада тұңғыш рет тігінен ұшып-қонатын "AutoFlight Prosperity" электрлі әуе кемесінің көрсетілімдік ұшуы өтеді. Бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған бұл құрылғыны сынау шарасы пилотсыз авиация мен әуе таксиін реттейтін заңнама күшіне енгеннен кейін тура бір айдан соң ұйымдастырылып отыр. Бұл қадам мемлекеттің инновациялық технологияларды қолдануға қажетті құқықтық базаны дер кезінде жасақтағанын көрсетеді.
Ғарыш саласын жаңғырту бағытында да елеулі қадамдар жасалуда. "The Times of Central Asia" басылымының жазуынша, үкімет "KazSat-3" спутнигінің орнын басатын жаңа "KazSat-3R" байланыс аппаратын жасап шығаруға 22 миллион доллардан астам қаржы бөлді. Бұл бастама елдің ауқымды ғарыш стратегиясының бір бөлігі болып табылады. Оған қоса Жерді қашықтықтан зондтау аппараттарын ұшыру, "Бәйтерек" кешені базасында коммерциялық ғарыштық қызметтерді дамыту мен жергілікті спутник өндірісін өрістету жоспарланған.
Каспий аймағындағы миллиардтық инвестиция мен порт құрылысы
Әзербайжанның "Report" басылымы Маңғыстау облысындағы құны 1,27 миллиард доллардан асатын жобалар топтамасына тоқталды. Бұл бағдарлама заманауи кеме зауытын, Құрық портындағы көпсалалы терминалды және Ақтау әуежайы негізіндегі авиациялық-логистикалық хабты қамтиды.
Жаңа кеме жасау кәсіпорыны жыл сайын 8 жаңа кеме шығарып, 24 кемені жөндеуден өткізуге қауқарлы. Бұл сыртқы қуаттарға тәуелділікті азайтып, отандық кеме жасау саласын қалыптастырады. Ал Құрық портын кеңейту жобасы аяқталған соң, оның жүк өткізу қабілеті жылына 25 миллион тоннаға жетеді. Шара Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін арттырып, Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік рөлді нығайтады.
Шетелдік инвесторлар сенімі және саудадағы бірыңғай цифрлық жүйе
"The Caspian Post" басылымы жариялаған "Safest Countries for Investors 2026" рейтингінде Қазақстан 17 сатыға көтеріліп, 150 елдің ішінде 53-орынға тұрақтады. Республика Орталық Азиядағы ең қауіпсіз әрі сенімді инвестициялық аймақ болып танылды. Рейтингте инвестиция көлемі емес, экономиканың тұрақтылығы, мемлекеттік институттардың сапасы, макроэкономикалық беріктік пен дағдарысқа төтеп беру қабілеті бағаланған.
Сонымен қатар "АЗЕРТАДЖ" сауда саласындағы ауқымды цифрландыруды жазды. Бірінші шілдеден бастап барлық сауда қатысушылары, соның ішінде шағын бизнес те, 29 миллион тауар түрі тіркелген Ұлттық тауар каталогын пайдалануға міндеттелді. Әр өнімге берілетін бірегей сәйкестендіру коды электронды шот-фактурада, кассалық аппаратта және мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қолданылады. Бұл қадам сауда э жүйесін құрып, нарықтағы қателіктер мен қайталануларды азайтады. Сондай-ақ логистика, мемлекеттік сервистер мен электронды коммерцияны дамытуға негіз болады.
Өткен аптада шетелдік БАҚ-тың назарында Мемлекет басшысының Қытай мен Қатарға сапарлары, ҚХР-мен жасалған инвестициялық келісімдер, қалдықтарды қайта өңдеу, сирек кездесетін металдар, жоғары технологиялық медицина жобалары және қазақстандық спортшылардың жетістіктері болған еді.