Oracle компаниясының негізін қалаушылардың бірі әрі басқарушысы Ларри Эллисон әлемдік миллиардерлердің Bloomberg Billionaires Index рейтингінде бірінші орынға шықты. Ол Tesla және SpaceX басшысы Илон Маскты артта қалдырды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Bloomberg мәліметінше, Эллисонның байлығы 393 миллиард долларға жеткен. Ал Масктің дәулеті 385 миллиард доллар көлемінде қалып отыр. Сарапшылардың айтуынша, Эллисонның бір күнде 101 миллиард доллар қосуы – Bloomberg тарихындағы ең ірі тәуліктік өсім. Бұл көрсеткіш оны әлемдегі ең бай адамға айналдырды.
Айта кетейік, Илон Маск бұл тізімнің көшін бір жылға жуық уақыт үздіксіз бастап келген болатын. Ол алғаш рет 2021 жылы бірінші орынға шыққанымен, кей кездері Amazon негізін қалаушы Джефф Безосқа және LVMH иесі Бернар Арноға жол берген. Қазіргі таңда Безос төртінші, ал Арно сегізінші орында тұр.
Эллисонның байлығы соңғы айларда айтарлықтай өсті. Шілде айынан бері ол Meta жетекшісі Марк Цукербергті басып озып, екінші орынға көтерілген еді.
Сонымен қатар, Forbes журналы да Эллисон дәулетінің күрт артқанын атап өтті. Басылым оның байлығын 395 миллиард доллар деп бағалап, бір күнде 102 миллиард доллар қосылғанын жазады. Дегенмен, Forbes деректері бойынша Илон Маск әлі де көш бастап тұр, оның байлығы 437 миллиард долларға жеткен.
Ларри Эллисон әлемдегі ең ықпалды кәсіпкерлердің бірі, америкалық миллиардер және Oracle корпорациясының негізін қалаушылардың бірі. Ол ұзақ жылдар бойы компанияның бас директоры қызметін атқарып, Oracle-ды әлемдік деңгейдегі технологиялық алпауытқа айналдырды.
1977 жылы Ларри Эллисон серіктестері Боб Майнер мен Эд Оутспен бірге Oracle компаниясын құрды. Бастапқыда компания деректер базасын басқару жүйесін (DBMS) әзірлеумен айналысты. Кейіннен Oracle өнімдері бизнеске арналған бағдарламалар, бұлтты шешімдер мен жасанды интеллект бағытында кеңінен қолданыла бастады.
Қазіргі таңда Ларри Эллисон Oracle компаниясының басқарма төрағасы және бас техникалық директоры (CTO). Ол компанияның жаңа технологияларға бағытталуын, стратегиялық шешімдерін және инновациялық жобаларын басқаруда негізгі рөл атқарады.
Эллисон тек Oracle-пен шектелмейді. Ол Tesla компаниясының ірі акционерлерінің бірі, сондай-ақ Ланай аралының иесі (оны 2012 жылы шамамен 300 млн долларға сатып алған). Сонымен қатар, ол жылжымайтын мүлікке, авиацияға, яхталарға және түрлі технологиялық стартаптарға белсенді түрде инвестиция салады.
Технология әлемінде Ларри Эллисон батыл шешімдерімен және инновацияларға ашық көзқарасымен танымал. Оның басшылығымен Oracle бағдарламалық қамтамасыз ету нарығында көшбасшы компаниялардың біріне айналды.