Абақтыда жазасын өтеген актер Мейіржан Төребаев бостандыққа шықты, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Бұл туралы Төребаев өзінің инстаграм парақшасында мәлімдеді.
Желіде ат үстінде отырған бейнежазбасын жүктеген өнер иесі жазасын өтеу кезеңі өзіне үлкен өмірлік сабақ болғанын жеткізді. Ол өзінің жазбасында басынан өткен қиындықтар арқылы ішкі тыныштығын тапқанын баяндаған.
«Сыртқы өмірде бостандығымнан айырылғанда, ішкі еркіндігімді таптым. Демек, осылай болуы керек еді. Өмір беретін сабақтардан қашып, бақытты болу мүмкін емес. Жан ұмтылатын тәжірибеден өзіңді шектеуге болмайды. Маған уақыт пен түрлі рөлдерден тыс тыныштықта болып, өзімнің кім екенімді тану үшін оңаша қалу қажет болды. Кейде өзіңді жаңадан жинау үшін қирауға тура келеді. Осындай баға жетпес тәжірибе берген Жаратушыға алғыс айтамын, бұл жанымның жарқын саяхаты болды», – деп жазды Төребаев.
Еске салсақ, 2023 жылдың 23 маусымында Алматы қаласының Алмалы аудандық соты актерді «Mudarabah Capital» қаржы пирамидасын құрғаны және оған басшылық еткені үшін кінәлі деп тауып, 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған болатын.