Павлодар облысындағы «Aqtogai Milk» ЖШС-де алты жұмысшының қаза болуына әкеп соққан топтық жазатайым оқиғаға жүргізілген арнайы тексеру аяқталды,
Тексеру қорытындысы бойынша жұмысшылардың бірі кәріз құдығына түсіп, күкіртсутегінен уланған. Оған көмектесуге тырысқан тағы бірнеше жұмысшы құдыққа кезекпен түскен. Соның салдарынан алты адам күкіртсутегінен уланып, қаза тапты.
Комиссия жұмысшылардың қауіптілігі жоғары жұмыстарды қауіпсіз орындау бойынша тиісті оқудан өтпегенін және қажетті жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілмегенін анықтады. Сонымен қатар кәріз құдығындағы жұмыстарды ұйымдастыру кезінде, оның ішінде авариялық жағдай мен құтқару жұмыстары барысында қауіпсіздік талаптары тиісті деңгейде сақталмаған.
Үкіметтік комиссия қорытындысы бойынша жұмыс беруші – «Aqtogai Milk» ЖШС-нің кінә дәрежесі 100% деп белгіленді.
Арнайы тексеру барысында оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталып, жауапты лауазымды тұлғалар белгіленді. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуын жою және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бойынша ұсынымдар әзірленді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілерді құдықтар, резервуарлар және басқа да жабық кеңістіктердегі қауіпті жұмыстарды қауіпсіз ұйымдастыруға, қызметкерлерді жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге және оларды авариялық жағдай кезіндегі іс-қимылдарға оқытуға шақырды.