Air Astana әуе компаниясының Фукуок – Алматы бағытындағы KC 162 рейсін орындап бара жатқан ұшағы техникалық ақауға байланысты ұшып шыққан әуежайына қайта оралды деп мәлімдейді Оzgeris.info сайты КазТАГ сайтына сілтемемен.
Мәліметке сәйкес, 26 желтоқсан күні әуе кемесі жергілікті уақытпен 10:04-те әуеге көтеріліп, борттағы барлық әжетханалардың істен шығуына байланысты кері қайтуға мәжбүр болған. Ұшақ 14:14-те Фукуок әуежайына сәтті қонған.
Әуе компаниясының хабарлауынша, қазіргі таңда ақауды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Рейстің ұшуы 27 желтоқсан күні жергілікті уақытпен 04:00-ге шегерілді. Жолаушыларға ыстық тамақ пен сусындар ұсынылды. Сондай-ақ трансфер мен қонақүйге орналастыру мәселелерімен әуе компаниясы айналысып жатыр», – делінген хабарламада.
Air Astana өкілдері рейстің кешігуіне байланысты жолаушылардан кешірім сұрады.